«Автомобиль» жедел-сауықтыру шарасы барысында көлік ұрлаумен байланысты 30 қылмыстың ізі суымай ашылды

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары мамырдың 11-і мен 14-і аралығында жүргізілген «Автомобиль» жедел-сауықтыру шарасының барысында көлік ұрлаумен байланысты 35 қылмыстық іс тіркеп, 30 қылмыстың ізін суытпай ашты.

«Автомобиль» жедел-сауықтыру шарасы барысында көлік ұрлаумен байланысты 30 қылмыстың ізі суымай ашылды
Бұл мәліметтерді бүгін баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ашылған қылмыстардың 22-сі көлікті айдап әкетумен, 1-і оны тонаумен, 7-уі көлікті ұрлаумен байланысты болып отыр. Сондай-ақ тәртіп сақшылары осы шара барысында ұрланған 56 көлікті тауып иелеріне қайтарған. Олардың арасында, 18 «ВАЗ» маркілі көлігі, «Тойота» мен «Москвич» көліктері 7, «Ауди» 5, «Мазда» 4, «Нива» мен «Фольксваген» көліктері үшеуден, «Субару» мен «БМВ» 2, сондай-ақ «Мицубиси», «Ниссан», «Мерседес», «Опель», «Газ-3110» сияқты көліктер бар. Сонымен қатар, шара барысында қылмыстық полиция мен жол полициясы қызметкерлері көлік пен оның жүргізушілеріне қатысты 102 қылмыстың бетін ашты. Оның ішінде 27 ұрлық, 58 көлік ұрлау, 1 қарақшылық шабуыл, кісі өліміне душар еткен 3 жол-көлік оқиғасы бар. Бұл қылмыстарға жауапты 12 адам қамауға алынып, осы бағыттағы ұйымдасқан 9 қылмыстық топтың жолы кесілген. Сондай-ақ бұрын жасалған 50 қылмыс ашылған.