Автонесие сылтауымен алты адамды алдаған алаяққа сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада автокөліктерді сатып алу-сату қызметін жамылып, алты адамды алдаған азаматқа сот үкімі шықты. Ол жәбірленушілерге 103 млн теңгеден астам шығын келтіргені үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы Қарағанды мен Астана қалаларындағы тұрғындардың сеніміне кіріп, олардың көліктерін иемденген.
Ол азаматтарға автонесие рәсімдеуге банктен алдын ала мақұлдау алған клиенттері бар екенін айтқан. Осы ұсынысқа сенген көлік иелері автокөліктерін өзі көрсеткен адамдардың атына қашықтан қайта рәсімдеген. Алайда сотталушы кейін көліктердің ақшасын иелеріне төлемей, қаражатты өз қажетіне жұмсаған.
Осылайша, алты алаяқтық дерегі бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 103 млн теңгеден асқан.
Сотта оның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, бейнежазбалар, беттестіру хаттамалары және басқа да дәлелдер арқылы расталды.
Сотталушы Қарағанды тұрғындарына қатысты тағылған айыпты мойындамаған. Ал Астана тұрғындарына қатысты кінәсін ішінара мойындап, кейбір әрекеттерін мәжбүрлеумен жасағанын айтқан.
Сот азаматты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Бұл норма аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Нәтижесінде сотталушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, оған қосымша 6 жыл мерзімге автокөліктерді сатып алу-сату саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.