«Авторға керегі алауыздық емес, қамқорлық» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 тамыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше облыс орталығы Көкшетау қаласында болды. Елімізде алғашқылар санатында құрылған «Назарбаев зияткерлік мектебінің» ұжымы Мемлекет басшысын құшақ жая қарсы алды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ақмола Астана үлгісімен дамиды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы кездесуге жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда 20 зият¬керлік мектеп салынатынын баса айтқан. «Бұл мектептер ең дарынды балаларды тәрбиелейтін болады. Мұнда оқушыларды еркін ой¬лау¬ға үйретеді және көшбасшылық зерттеумен айналысатын оқушы¬лар¬ды ынталандырып отырады. Мектептер ең озық құрылғы¬лар¬мен жабдықталған, онда білім алу үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. Аталған білім ұялары жүйе¬сі үздік университеттерге түсе алатын балаларды даярлайды», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мәскеулік қаламгер Георгий Владимирович Пряхиннің есімі ТМД кеңістігіндегі әдеби ортаға кеңінен танымал десек, қателесе қоймаспыз. Ол байырғы журналист, жазушы. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында әйгілі сөз зергері Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен «Новый мир» журналында «Интернат» атты алғашқы повесін жариялаған Георгий Пряхин бұл күнде ондаған кітаптың авторы, Ресей қоғамындағы танымал жазушылардың бірі. Бүгіндері ол Кеңес өкіметі тұсында ТМД бойынша №1 баспа атанып, Еңбек Қызыл Ту орденін иеленген «Художественная литература» баспасын басқарады. «Егемен Қазақстан» газеті қаламгермен Астанаға келген сапарында кездесіп, әңгімеге тартқан. Сұхбат басылымның сенбілік санында «Адамдар тухани таянышты кітаптан іздейді» деген тақырыппен жарияланды.
«Айқын» газетінің жазуынша, ешкі сүтін өндіруге ден қойған отандық «Ақ бастау» компаниясы тұрғындарға бұл өнімді неғұрлым қолжетімді етіп шығаруды алдына мақсат етіп қойып отыр. ЖШС жұмысын бастаған үш жыл шамасында біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Бұрынғы кеңестік республикаларда ешкі сүтін өндірістік жолмен өндіретін кәсіпорын болмаған. Осындай мүмкіндікке жету Қазақ тағамтану академиясы мен голландық өндірушілермен бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесі. Үш кезеңнен тұратын бұл жобаның қазірше алғашқы сатысы жүзеге асырылып жатыр. «Соның өзінде қолға алған істің әлі-ақ үлкен нәтиже беретініне қазірдің өзінде көз жеткізе бастады. Үнемі ешкі сүтінің сіңімділігі, пайдасы жайында насихат жұмыстарын жүргізіп жүретін академик Т.Шарманов та бұл кәсіпорынның жұмысына жақсы баға беріп, ақ жол тілеп отыр», деп жазады басылым «Ешкі бағу ерсі емес» деген тақырыптағы мақаласында.
Осы басылымда жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековпен арадағы сұхбат «Ең қиын нәрсе - бүгінді жазу» деген тақырыппен берілген. Газет тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген қаламгер: «Талантты адам ешуақытта руға бө¬лін¬бейді. Бұл - дарынсыздардың ісі. «Қа¬зақ ұлт болып қалыптасқан жоқ» деп, мен қазақ руға бөлінген соң айттым. Мәселен, кім болса да, қазақ жал¬қау, қазақ қорқақ, қазақ жасқаншақ деп айтсаң, «е» дейді де қоя салады. Ал сен алдыңдағы адамның руын сөйдеп айтып көрші, атып тұрып, жағаласа кетеді, шыр-пыр етіп қорғайды. Ренжиді. Міне, көрдің бе, біз сол тайпалық, ру¬лық, тобырлық деңгейден алыс кете қой¬ған жоқпыз», дейді.
«Аққу, шортан һәм шаян» атты Ахаңның мысалын оқымаған қазақ жоқ шығар. Бірі - көкке, бірі - су, бірі құрғаққа тартқан осы үшеуі секілді алауыздықты дәл бүгін біздің қоғамда авторларымыз бастан кешіріп отыр. Дәлірек айтсақ, ондай туталақайды авторларға таласқан ұйымдар тудырып отыр деуіміз керек. Бертінге дейін бізде шығармашалық иелерінің құқықтарына жауап беріп, ақысын уақытында айырып беріп келген жалғыз қоғам жұмыс істеді, ол - Қазақстан Авторлар қоғамы. Бар кілтипан онымен бәсекелес тағы да қоғамдардың құрылған сәтінен басталды. Басында онша мән берілмеген бірді-екілі оқиғалар, жинала келе аталмыш ұйымдардың арасына сызат түсіргені былай тұрсын, соңғы кездері олар бір-бірімен соттасудан көз аша алмай қалған. Әділет іздеп әбден басы қатқан Қазақстан Авторлар қоғамы жуырда баспасөз өкілдерінің басын жинап, ашық мәлімдеме жасауға көшті. Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Авторға керегі алауыздық емес, қамқорлық» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.