Автожол саласында 2020 жылға дейін 12 мегажоба жүзеге асырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның автожол саласында 2020 жылға дейін 12 мегажоба жүзеге асады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Еске сала кетейік, отырыс барысында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының шеңберіндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Автожол саласында 2020 жылға дейін 12 мегажоба жүзеге асырылады

Министр орынбасары Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына тоқтала келе, ондағы бірінші кезектегі міндет автожолдар салу екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл міндет еліміздің көліктік хаб қалыптастыру тұжырымдамасына да сәйкес келеді әрі макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады.

«Бұны жүзеге асыру үшін ең бірінші кезекте Астананы және макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла принцпінде байланыстыратын инфрақұрылым қаңқасы құрылатын болады. Сонымен қатар, осы мақсатта 2020 жылға дейін жалпы құны 2,4 трлн. теңгені құрайтын 12 мегажоба жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, 7,5 мың шақырымнан астам автожол қайта жаңғыртылады, ал 2015-2017 жылдардың бюджет жобасында 707 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл біздің министрліктің даму бюджетінің 80 пайызы автомобиль жолдарымен байланысты деген сөз. Сонымен бірге, 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан қосымша 321 млрд теңге бөлу жоспарланады. Ал 2020 жылға дейін қалған қаражатты жабу үшін халықаралық қаржы ұйымдарын тарту жоспарда бар», - дейді Ж. Қасымбек.