«Ай Ти Би» халықаралық туристік көрмесінде қазақстандық делегация 1 орынды иеленді - Т. Досмұхамбетов
АНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың 9-13 наурыз аралығында Берлин қаласында өткен «Ай Ти Би» 45-халықаралық туристік кормесінде қазақстандық делегация «Азия/Автралия» санатында 1 орынды иеленді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті.
«Алдағы бесжылдықта салалық бағдарлама бойынша Қазақстанның туристік маркетингтік стратегиясын қалыптастыру аса маңызды бағыт ретінде айқындалып отыр. Еліміздің туристік имиджін қалыптастыру және Қазақстанды әлемдік нарықтағы жаңа туристік бағыт ретінде көрсете білу мақсатында былтыр 8 ірі халықаралық туристік көрмеге ат салыстық. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан 3 рет Берлин, Пекин, Мәскеу қалаларында өткен көрмелерде бірінші орынды иеленді. Ал жақында ғана 9-13 наурыз аралығында Берлин қаласында өткен «Ай Ти Би» 45-халықаралық көрмесінде қазақстандық делегация «Азия/Австралия» санатында 1 орынды иеленді», - дейді министр Т. Досмұхамбетов.
Оның айтуынша, аталған халықаралық көрмеге әлемнің 188 елі қатысқан. Сонымен қатар, аталған халықаралық көрмеде қазылар қазақстандық стендтің экспозициясын үздік деп таныған.