«Аяғымды кесеміз деді, кейін жанарымнан айырылдым»: қант диабетімен 23 жыл күрескен Меруерттің оқиғасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде қант диабеті диагнозымен 575 мыңнан астам адам есепте тұр. Солардың бірі – небәрі 13 жасында-ақ осы дертке шалдыққан Меруерт Идрисова. Қант диабеті кеселімен өмір сүріп келе жатқан 23 жыл ішінде ол небір ауыр сынаққа қарсы тұрған. Тіпті аяғынан айырылып қала жаздап, бірнеше күрделі операцияны жасатуға мәжбүр болады.

қант диабеті
Фото: Kazinform/ ЖИ

Ал тұла бойы тұңғыш сәбиін дүниеге әкелген жылы көру қабілетінен айырылғанын айтады. Kazinform тілшісі Меруертпен сөйлесіп, оның 23 жыл бойы қандай қиындықтарды бастан өткергенін және қант диабетінің адам денсаулығына қаншалықты ауыр зардап әкелетінін анықтауға тырысып көрді.

13 жаста басталған күрес

2003 жыл. Атырау облысы. Қаладан 150 шақырым шалғайда орналасқан ауыл...

қант диабеті
Фото: Kazinform/ ЖИ

Дәл сол жылы 13 жастағы Меруерттің денсаулығы сыр бере бастайды. Әуелде бойын әлсіздік билеп, іші ауырады. Қанша су ішсе де, шөлі қанбайды. Бірте-бірте жағдайы күрт нашарлап, төсек тартып жатып қалады. Бірақ ауылдағы дәрігерлер оның неден ауырғанын бірден анықтай алмаған. Меруерттің айтуынша, сол кезде қанындағы қант мөлшері тексерілмей, оған глюкоза ерітіндісі құйылған.

– Мен сол уақытта бір-екі айдай ауырып жүрдім. Үнемі шөлдеймін, су іше беремін, ішім ауырады. Ауылда қанымды тексермей, глюкоза құя берді. Бұдан кейін жағдайым одан бетер нашарлады. Кейін ауданға апарып, талдау жасатқанда ғана қант диабеті екенін білдік. Сол кезден бастап инсулин қабылдаймын. Біздің әулетте бұрын мұндай аурумен ауырған адам болған жоқ. Сондықтан оның неден пайда болғанын нақты айта алмаймын, – деп еске алады Меруерт.

Осылайша, мектеп жасындағы қызға бірінші типті қант диабеті диагнозы қойылады. Білікті мамандардың пікірінше, бұл кезде адамның иммундық жүйесі ұйқыбездің инсулин өндіретін жасушаларын зақымдайды. Соның салдарынан ағза қандағы қант мөлшерін өздігінен реттей алмайды. Мұндай диагноз қойылған адам өмір бойы инсулин қабылдауы қажет екен.

Бірінші типті қант диабеті көбіне балалар мен жасөспірімдерде анықталады. Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген ресми мәліметінше, 2022 жылы елімізде 1-17 жас аралығындағы 5 387 бала қант диабетімен есепте тұрған. 2023 жылы олардың саны 5 913-ке, 2024 жылы 6 286-ға, ал 2025 жылы 6 822-ге жеткен. Үш жыл ішінде көрсеткіш 26,6 пайызға өскен.

Біз сөзге тартқан Меруерт те 13 жасынан бастап күн сайын инсулин қабылдап келеді. Алғашқы жылдары аурудың болашақта қандай зардап әкелетінін білмегенін айтады. Бірақ арада он жыл өткенде ол аяғынан айырылып қала жаздайды.

«Аяғымды кесеміз деді»: бәрі кішкентай жарадан басталған

қант диабеті
Фото: Kazinform/ ЖИ

2013 жылы Меруерттің аяғында маса шаққандай ғана кішігірім жара пайда болады. Бастапқыда аса қауіпті көрінбеген жара небәрі екі аптаның ішінде ұлғайып, тереңдей түскен. Жағдайы асқынған соң дәрігерлер аяғын кесу қажет екенін айтқан. Бірақ Меруерт бұған келіспей, басқа да емдеу жолын іздеген.

– Бұл қант диабетінің салдары өте ауыр. Саусағыңды сәл кесіп алсаң да жазылуы оңай емес. Осыдан 13 жыл бұрын аяғыма жара шықты. Басында маса шаққандай ғана болды. Айналдырған екі аптаның ішінде аяғым ойылып кетті. Сөйтіп, аяғым шіри бастады. Мемлекеттік ауруханадағы дәрігерлер аяғымды кесеміз деді. Ал мен оған келіспедім. Жеке клиникаға барып емделдім. Әйтеуір жазылып шықтым ғой. Алты ай бойы төсек тартып жаттым, жүре алмадым. Кейін балдақпен, одан соң таяқпен жүре бастадым. Аяғымды сақтап қалған дәрігерлерге көптен-көп рақмет!, – дейді ол.

Меруерттің айтуынша, бүгінде сол күндерден аяғындағы жараның ізі ғана қалған.

Мамандардың түсіндіруінше, қандағы қант мөлшерінің ұзақ уақыт жоғары болуы аяқтағы қан айналымын бұзып, жүйке талшықтарын зақымдайды. Соның салдарынан адам жарақатты бірден байқамауы мүмкін.

Гүлнәр Темірғалиева
Фото: Kazinform

– Қандағы қант мөлшерінің ұзақ уақыт жоғары болуы қан тамырлары мен жүйке талшықтарын зақымдайды. Диабеттік табан синдромы деген бар, ол жүйке талшықтарының зақымдануы мен қан айналымының бұзылуы салдарынан дамиды. Соның салдарынан табандағы кішкентай жаралардың өзі жазылмай, инфекция түсіп, ойық жараға, гангренаға, тіпті ампутацияға әкелуі мүмкін, - деп түсіндірді медицина ғылымдарының кандидаты, эндокринолог Гүлнәр Темірғалиева.

Қазақстанда мұндай асқынудың салдарынан жыл сайын жүздеген адамға ампутация жасалады. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының дерегінше, 2022 жылы қант диабетіне байланысты 980 адамға аяқ ампутациясы жасалған. Ал 2023 жылдың алғашқы 11 айында 955 жағдай тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары қант диабетімен ауыратын науқастар арасындағы аяқ ампутациясының салыстырмалы көрсеткіші төмендеген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 0,28 пайыз болса, 2024 жылы 0,24 пайызды құраған.

Меруерт аяғын сақтап қалғанымен, денсаулығына қатысты қиындық мұнымен аяқталған жоқ. Келесі жылдың соңында ол тағы бір ауыр сырқатқа тап болыпты.

Алты ай бойы диагнозы қойылмаған дерт

2014 жылдың соңында Меруерттің дене қызуы көтеріліп, ұзақ уақыт бойы температурасы түспей қойған. Жағдайы нашарлап, тамақ іше алмай, әбден әлсіреген. Дәрігерлерге бірнеше рет қаралғанымен, қызудың нақты себебі анықталмаған. Ақыры Алматыға барып, арнаулы тексеруден өткеннен кейін ғана өкпесінің зақымданып, туберкулез болғаны анықталған.

– Алты ай бойы дене қызуым 40 градусқа дейін көтеріліп, төсек тартып жаттым. Тамақ іше алмадым. Дәрігерлер ұзақ уақыт диагноз қоя алмады. Кейін Алматыға барып, өкпемнен сұйықтық алған соң ғана туберкулез екенін анықтады. Тағы алты ай дәрі ішіп, емделдім. Енді жазылдым дегенде, өкпемнің бір бөлігін алып тастау керек екенін айтты, – дейді Меруерт.

2016 жылы оның сол жақ өкпесінің бір бөлігі алынды. Операциядан кейін де ем жалғасқан. Меруерттің айтуынша, наркозды ауыр көтергендіктен, бір ай бойы дұрыс тамақтана алмапты. Кейін дәрігерлер тағайындаған ем үшін күніне 20 таблеткаға дейін дәрі ішкен.

– Дәрілерді ішкеннен кейін орнымнан тұруға шамам келмейтін. Тамаққа қарай алмай, жатып қалатын едім. Ол уақыт мен үшін өте ауыр болды. Аяғымның жарасынан кейін енді өкпеме операция жасалды. Бір аурудан айықпай жатып, екіншісі басталды, – дейді ол.

Меруерттің денсаулығы келесі жылдары да сыр берген. 2017 жылы сол жақ сүт безіне, ал 2018 жылы екінші сүт безіне операция жасалған. Ол басынан өткен сырқатының барлығын қант диабетімен байланыстырады. Расында, мамандардың айтуынша, қандағы қант мөлшері ұзақ уақыт жоғары болса, ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілеті төмендеп, кейбір аурулардың ауыр өту қаупі артады. Мұндай жағдайда жараның жазылуы қиындап, жұқпалы аурулардан сауығу да ұзаққа созылуы мүмкін.

Бірнеше жылдың ішінде ауыр ем мен операцияларды бастан өткерген Меруерт үшін күнделікті өмірдің өзі үздіксіз күреске айналды. Соған қарамастан, ол отбасын құрып, ана атанудан үмітін үзбеген.

Ана атанған шақтағы ауыр сынақ

2021 жылы Меруерт тұрмысқа шығып, көп ұзамай жүкті екенін біледі. Бірақ жүктілік кезеңі денсаулығына байланысты өте ауыр өткен. Бүйрегінің жұмысы нашарлап, дене қызуы жиі көтерілген. Оның үстіне көзінің көру қабілеті де төмендей бастаған. Меруерттің айтуынша, көз алдына қара дақтар пайда болып, кейін дәрігерлер көздің тор қабығы ажырағанын анықтаған.

Ол жүктілігінің жеті айға жуық уақытын ауруханада өткізген. Ақыры дәрігерлер 34-аптада кесарь тілігін жасап, қызын дүниеге әкеледі. Ал Меруерт босанғаннан кейін бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан.

– Астанадағы Ана мен бала орталығында босандым. Дәрігерлер сол кезде «Сен батыр анасың. Мұндай диагнозбен, осындай жағдайда дені сау бала дүниеге әкелдің!» деп айтты. «Мықтылығыңа, шыдамдылығыңа таңғаламыз» деді. Шынымен де, ол кезде жағдайым өте ауыр болды. Бірақ қызымды аман-есен дүниеге әкелдім. Сол үшін де Жаратқанға разымын! - дейді Меруерт.

Ана атану қуанышымен қатар оның өміріне тағы бір ауыр сынақ келді. Жүктілік кезінде басталған көз ауруы асқынып, екі көзіне де операция жасалған. Бірақ көру қабілетін толық қалпына келтіру мүмкін болған жоқ.

– Қазір сол жақ көзім мүлдем көрмейді. Оң жақ көзім 10-15 пайыз ғана көреді. Қандағы қант мөлшері бірде көтеріліп, бірде түсіп, көзімнің қан тамырлары зақымданды. Көзімнің тор қабығы ажырады. Екі рет операция жасаттым, бірақ көру қабілетім бұрынғы қалпына келген жоқ, – дейді ол.

Эндокринолог Гүлнәр Темірғалиеваның айтуынша, қант диабеті көздің тор қабығындағы қан тамырларын да зақымдайды.

– Соның салдарынан диабеттік ретинопатия дамып, көру қабілеті біртіндеп нашарлайды. Ауру асқынған жағдайда адам жанарынан мүлдем айырылуы мүмкін, – дейді маман.

Бір кездері аяғын сақтап қалу үшін күрескен Меруерт енді қалған көру қабілетін жоғалтпауға тырысып жүр.

«Көзің көріп, аяқ-қолың сау болудың өзі – үлкен бақыт»

Қазір Меруерт күн сайын төрт рет инсулин қабылдайды. Қан қысымын реттейтін дәрілер ішеді, бүйрегіне байланысты емін де жалғастырып жүр. Айтуынша, соңғы уақытта қандағы креатинин мөлшері жоғарылаған. Бірнеше күрделі операция мен көру қабілетінің төмендеуі оның күнделікті өміріне әсер еткен.

– Қант диабеті адамды бірден жыға салып, құлатпайды. Біртіндеп денсаулығыңды ала береді. Қазір бүйрегімнің жұмысы нашарлап, креатинин мөлшері өсіп жатыр. Қан қысымым да жоғарылайды. Соған дәрі ішемін. Күніне төрт рет инсулин саламын. Бұл аурумен өмір сүруге болады, бірақ өзіңді күтуің керек. Айтуға ауыз бармағанымен, несін жасырайын, осы дертпен 23 жылдан бері күресіп келемін, – дейді Меруерт.

Оның басынан өткен жағдай қант диабетінің ұзақ мерзімді асқынуы қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін аңғартады. Дегенмен мамандар мұндай асқыну барлық науқаста бірдей кездеспейтінін айтады. Аурудың деңгейі оның түріне, емнің уақытылы жүргізілуіне, қандағы қант мөлшерінің бақылануына және басқа да жағдайларға байланысты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы дерекке сәйкес, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 499 адам есепте тұр. Оның 30 987-сінде бірінші типті, 544 512-сінде екінші типті қант диабеті анықталған. Бірінші типті диабет негізінен балалар мен жасөспірімдерде кездессе, екінші типті диабет көбіне 40-75 жас аралығындағы азаматтарда анықталады.

Елімізде ауруды ерте анықтауға бағытталған тексеру де жүргізіліп жатыр. Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қант диабетін анықтауға арналған скринингтік тексерумен қамту 84,2 пайызға жеткен. Осы кезеңде 33 192 адамнан ауру анықталып, олардың 30 652-сі динамикалық бақылауға алынған. Ал 2025 жылы скрининг нәтижесінде 22 690 адамнан қант диабеті анықталған.

Қант диабетімен ауыратын азаматтарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету көрсеткіші де артқан. 2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 382 579 адам дәрілік заттар мен медициналық бұйым алған. 2025 жылы олардың саны 461 815-ке жеткен. Осылайша, төрт жыл ішінде көрсеткіш 79 236 адамға немесе 20,7 пайызға өскен.

Меруерт осы жылдар ішінде денсаулықтың қадірін бұрынғыдан да терең түсінгенін айтады. Бірнеше рет төсек тартып жатып, қайта аяққа тұрған, күрделі операцияларды бастан өткерген ол қазір өмірдегі ең үлкен байлық адамның денсаулығы екенін жиі ойлайтын болған.

– Адам кейде ақшам жетпейді, несием бар деп уайымдайды. Бірақ оның бәрі – уақытша нәрсе. Ақша келеді, кетеді. Ал денсаулықты қайтара алмайсың. Көзің көріп тұр ма, аяқ-қолың сау, жүріп тұр ма, демек сен – бақыттысың, байсың. Мен мұны өз басымнан өткізгеннен кейін айтып отырмын. Денсаулықтың қадірін ауырған адам жақсы түсінеді, – дейді ол.

Меруерт үшін бүгінде ең маңыздысы – қызының қасында болып, оның өсіп-жетілгенін көру. Денсаулығына байланысты қиындықтар әлі де жалғасып жатқанымен, ол алдағы өмірінен үмітін үзген емес.

– Әлі алда қызымды өсіруім керек, қызығын көруім керек, - деп әңгімесін аяқтады бізге сұхбат берген Меруерт Идрисова.