Аяғымен сурет салатын қазақ суретшісі Теһрандағы халықаралық фестивальге қатысуда - шетелдегі қазақ баспасөзі

 Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Сурет
Фото: Фото: Parstoday

Баркөлдік ісмер апаның жасаған кестелі бұйымдары жұртты таңғалдырды - Harajorga

Ісмер
Фото: Harajorga

29 қазан күні Шыңжаңның Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұратын бір ісмер қазақ апа бізге өзінің тіккен ұлттық үлгідегі бел мен тізені суықтан қорғайтын кестелі киімдерін көрсетті, - деп жазады Қытайдың «Harajorga» атты вичат парақшасында.

Бәркөлдік ісмер апа бел және тізені қорғайтын әсем кестелі бұйымдар тігумен айналысады.

Кестеші апаның айтуынша, бұл тізеқап және белдемше деп аталатын қосымша киімдердің тарихы ұзақ. Өткен замандарда қазақ малшылары қыста немесе көктемде көшіп-қонған жолында далаға түнеп қалатын жағдайлар болады. Сол кездерде осындай бел мен тізеге қосымша киім киіп, суықтан сақтанады екен.

Айта кетейік, осындай әдемі кестелі бұйымдарды көрген әлеуметтік желі қолданушылары апаның шеберлігіне таңданып, бұндай өнімдерді қайдан сатып алуға болатынын сұрастыра бастаған.

«Қазақи кестелер – мемлекеттік деңгейдегі материалдық емес мәдени мұра ретінде мәдени мәні терең, көркемдік құны жоғары, ұлттық бояуы қанық қолөнер бұйымы саналады. Кесте қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысы бар. Кестенің түрі өте көп, сан алуан түрден құралады. Атап айтқанда, қазақтардың үйіндегі сырмақ, тұскиізден тартып, күнделік істететін бұйымдар, киім, сөмкелердің бәрінде алуан реңмен боялған ою-өрнек сан түрлі кестелер салынған. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осы материялдық емес мадени мұраны қолөнершілер заман көшінен қалдырмай жалғастырып келеді. Қолөнердің осы түрін жалғастырып келе жатқан, тарихтың бетіне әсем кестемен өрнек салып жүрген ісмер апаға үлкен құрмет білдіреміз», деп түйіндейді қытайлық басылым.

Малайзиядағы қазақ инженері қазіргі қызметі туралы айтып берді - Kaznews

Ерғұлан Озатұлы Малайзиядағы қызметі туралы айтып берді. Бұған дейін Бруней Даруссаламда көпір салған Ерғұлан Озатұлы естеріңізде ма? Олай болса жас қазақ инженері қазіргі таңда Малайзияда қызмет атқарып жүр, деп жазады моңғолиялық «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ерғұлан Озатұлы 1993 жылы Баян-Өлгийде туған. Ол 2015 жылы ҚХР-дың Шан Донг өлкесі, Шинг Дао қаласының Шан Донг техникалық университетін геодезиялық инженер мамандығымен бітірген.

инженер
Фото: Kaznews

Ұланбатыр қаласында халықаралық әуежәй құрылысынан инженерлік жүйе бағытында геодезиялық инженер болып алғашқы жұмысын бастаған. Кейін кореялық инженерлердің ұсынысы бойынша Бруней Даруссалам еліндегі «Tambouring bridge» жобасында, Филиппинде «Skyway» жобасында жұмыстар істеген. Ол өзінің тәжірибесі мен қытай тілін білуінің нәтижесінде Қытайлық «China state construction» компаниясына да жұмысқа тұрған.

Е.Озатұлы қазіргі Малайзиядағы қызметі туралы айтып берген.

Ол Малайзияда «East Cost Rail Link» деп аталатын жобада жұмыс істейді екен. Бұл Малакка бұғазындағы Порт-Кланг пен Малайзия түбегінің солтүстік-шығысындағы Кота Бхару мен Шығыс жағалаудағы экономикалық аймақ мемлекеттерін байланыстыратын стандартты екі жолды теміржол байланысы инфрақұрылымының жобасы.

Нақтырақ айтатын болсақ, теміржол инфрақұрылымының жобасы жолаушыларды да, жүктерді де Малайзия түбегінің батыс жағалауынан шығыс жағалауына және керісінше тасымалдайтын болады. Құрылыс 2017 жылдың тамыз айында басталған көрінеді.

Моңғолиялық қандасымыз бұл жобада Site manager болып қызмет атқарады екен.

Сондай-ақ, осы аптада «Kaznews»-те «Халал Сертф Аженси – Моңғолияның Халал индустрия саласының дамуына үлес қоспақ» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Демек, халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі орган енді Моңғолияда да пайда болды.

Kaznews-тің дерегінше, Парсы шығанағы елдерінің аккредиттеу орталығының Gulf Accreditation Center (GAC) бағалау тобы халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі Халал Сертф Аженси (Halal Certf Agency) компаниясында 2023 жылдың 25, 26, 27 қазанында жұмыс істеп, GSO 2055- 2:2021 «Сәйкестікті бағалау – 2 бөлім: Халал сертификаттау органдарына қойылатын талаптар» стандарты бойынша бастапқы аккредиттеу жұмысын жасады.

Айта кетейік, бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағыты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрінген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін тудырмау үшін халал өндірісі бақылауға алынған. Осы орайда ет экспортына қызығушылық танытып отырған Моңғолияда халал индустриясын зерттеп, халал өнімдерін қалыптастыру енді жолға қойылып келеді.

Бұл жүйе UNIDO Моңғолия – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы жүзеге асыратын Сәйкестікті бағалау органдарының әлеуетін арттыру жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Халал бойынша аккредиттеу – Моңғолиядағы сапаны бағалау жүйесіндегі жаңа бағыттарының бірі.

Аяғымен сурет салатын қазақ суретшісі Теһрандағы халықаралық фестивальге қатысуда - Parstoday

Бүгін(3 қараша) Теһранда мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың HOMAM атты 3-ші халықаралық фестивалі басталды.

Қазақстаннан келген мүмкіндігі шектеулі суретші Анар Бексұлтан «Талбесік», «Шырақтар» және «Күннің батысы» атты туындыларымен аталмыш фестивальге қатысып жатыр.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Сурет
Фото: Parstoday

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, аяғымен сурет салатын, тігін және кесте тігетін Анар Бексұлтан – Қазақстанның Тараз қаласының тұрғыны. Осы қаланың құрметті азаматы, Жамбыл облысы маслихатының депутаты, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің директоры, «Әдемі қыз жасауы» атты шеберханасы бар кәсіпкер.

Өзбекстанда туристік пойыздың қатынауы жолға қойылады - ӨзА

Luxury Train Cruising пойызы әлемдік туристерге Самарқанд, Бұхара және Хиуа сияқты тарихи қалаларға баруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдан бастап Өзбекстанның тарихи қалалары арқылы өтетін Luxury Train Cruising пойызының қатынауы жолға қойылады.

Турист
Фото: uza.uz

Компания мәліметіне сай, «Өзбекстан темір жолдары» АҚ мен Италияның «Arsenale Group S.P.A. компания арасында осы туралы меморандумға қол қойылған. Екі тарап жобаның сәтті жүзеге асатынына және оның Өзбекстандағы туризмді дамытудағы маңыздылығына сенім білдірген.

Әлемдік туристерді Самарқанд, Бұхара және Хиуа сияқты тарихи қалаларға апаратын Luxury Train Cruising пойызы жолаушыларға сапар кезінде барынша жайлылықты қамтамасыз ету үшін заманауи жабдықталмақ.

Үрімжі - Алматы арасына қатынайтын ұшақ саны көбейді – «Жэньминь Жибао»

30 қазан күні таңертең Air Astana еншілес компаниясы Flying Lion Air әуекомпаниясының KC987 ұшағы Үрімжі қаласындағы халықаралық әуежайға келіп қонды. Бұл компанияның Қытайдың Шыңжаң Үрімжі қаласынан Алматыға ұшатын бағыты қайта қалпына келгенін көрсетеді. Содан бастап Үрімжіден Алматыға ұшу бағыты аптасына 7 рейстен 9 рейске дейін ұлғайтылды, - деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь Жибао» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстандық әуекомпанияның кестесінде Алматы - Үрімжі рейсі таңғы және кешкі деп екі кезекке бөлінеді. Таңертеңгі кезек әр аптаның сенбі күні ұшады, ал кешкі кезекші ұшақ әр аптаның жексенбі күні ұшпақ.

«Алматы Қазақстанның шығыс оңтүстік шекарасына орналасқан. Қытай мен Қырғызстанға жақын, Қазақстанның экономикалық және оқу-ағарту орталығы. Қазір Қытай оңтүстік авияция әуекомпаниялар тобы мен Қазақстандық әуекомпания Үрімжіден Алматыға барып-келетін әуе желісін бірлесіп іске қосып отыр», деп жазады People.cn.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, осы жылдың алғашқы үш тоқсанында Үрімжі әуе портындағы халықаралық жолаушылар ағыны тез өскен. Атап айтқанда, 1868 халықаралық жолаушылар рейсі орындалып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген. Елге 229 460 адам кіріп-шығып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3 есеге артқан. «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізгі өңірі ретінде Үрімжі әуе порты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа да елдер мен өңірлерді қамтитын жүк маршруттарын, бизнес-джет және жолаушылар маршруттарын дәйекті түрде қалпына келтірді. Кейінгі ұшу бағыттары нақты қажеттіліктерге сәйкес кеңейіп, одан әрі жеделдемек.

Әйелдер үшін ең сенімді ел – Түрікменстан, екіншісі Қазақстан TRT

Түркіменстан
Фото: TRT

Түрікменстан «2023 Women Peace and Security Index»-те (Әйелдердің тыныштығы мен қауіпсіздігі индексі WPS) 177 ел арасында 58-ші орында.

Бұл көрсеткішпен Түркіменстан елі Орталық Азия елдері арасында бірінші орында.

Аталған өңірдегі елдер арасында әйелдер тұрғысынан ең сенімді екінші ел – тізімде 70-ші кезектегі Қазақстан. Артынан Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан келеді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, басқа аймақ елдері арасында әйелдердің ең сенімді жерлері – Дания, Швейцария және Швеция. Ең сенімсіз елдер болса – Ауғанстан, Йемен, Орталық Африка Республикасы.

Айта кетейік, әйелдердің тыныштығы мен қауіпсіздігі индексі қалыптастырылған кезде елдердегі жағдай 13 критерияға қарай қаралады және осы критериялар үш категорияға бөлінеді.

Атап айтқанда, инклюзивтілік, әділеттілік және қауіпсіздік.