«Аягөз – Бақты» жобасының іске асырылу барысы Бейжіңде талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бейжің қаласында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың China Harbour Engineering Company Co., Ltd. басшылығымен кездесуі өтті. Кездесу барысында «Аягөз – Бақты» теміржол жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Тараптар техника мен ресурстарды жедел жұмылдыру, құрылыс қарқынын арттыру және жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы теміржол желісінің түйісу нүктелерін айқындау мәселелері қарастырылды.
Қазақстан тарапы отандық құрылыс компаниялары мен мамандарын кеңінен тартудың, сондай-ақ қазақстандық өндіріс материалдарын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Компания өкілдері жобаны бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асыруға дайын екенін растады. Сондай-ақ жобаға жергілікті мердігерлердің міндетті түрде қатысатыны айтылды.
Айта кетейік, 2025 жылғы тамызда Қазақстан темір жолы ҰК мен China Harbour Engineering Company Co., Ltd. арасында EPC-келісімшартқа қол қойылған болатын.
Жалпы, «Аягөз – Бақты» жобасын іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік дәліздерінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Атырауда 9 теміржол вокзалы жаңартылып жатқаны хабарланды.