Аягөз өзенінде балық қырылды – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз өзенінде балық қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметіне сүйенсек, Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының маңындағы өзенде балық қырылған. Осыған орай Балық шаруашылығы бөлімі су қоймасына барып зерттеу жүргізді.

Сондай-ақ шараға «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай аудандық филиалының, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, «Семей орманы» табиғи резерватының өкілдері қатысқан.

«Соның нәтижесінде 200 келі әр түрлі балық (Балқаш көкбасы, осман, торта, тарақ т.б) қырылды. Оның ішінде 70 пайызы – торта, қалғаны басқа балықтар. Өлі балықтар шамамен 10 шаршы метр аумақта анықталған. Өзен деңгейінің күрт төмендеуі судағы оттегінің төмендеуіне әкеліп соққан көрінеді. Нақты себебін анықтау үшін тиісті сынамалар алынды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, комиссия мүшелерінің және Тарбағатай ауылының еріктілерінің қатысуымен өлі балықтарды утилизациялау жұмыстары жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар