Аягөз Серікқызы Оразалы Досбосыновты еске түсіруге арналған студенттер айтысының Бас жүлдесін жеңіп алды
АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Аягөз Серікқызы «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға» деген атпен өткен студенттер айтсының Бас жүлдесін жеңіп алды.
Оны Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 2004 жылы 30 қазанда 29 жасында дүниеден озған белгілі айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске түсіру мақсатында ұйымдастырған еді. Көзі тірі болғанда 15 қарашада 36 жасқа толатын Оразалы Жарылқасынұлы аталмыш оқу орнының түлегі болатын.
Университетаралық бұл айтысты ақынның досы Бақыт Беделханұлы жүргізді. Профессор Балтабай Әбдіғазиев, жазушы Талғат Айтбайұлы, ғалым Сәуле Ержанова, ақындар Кәдірбек Құныпияев, Болат Шарахымбай, Төреғали Тәшенов пен Серік Қалиев қазылық еткен сөз додасы аса тартысты өтті. Ақтық сында Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Жәнібек Бейбіттен басым түскен Аягөз Серікқызы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына Бас жүлдемен оралды. Ал Ж. Бейбіт «Алғыр ақын», Қанат Мырзаханов (Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті) «Тапқыр ақын», Бибігүл Тілеболдиева (Сүлейман Демирел университеті) «Ұшқыр ақын» аталымы бойынша арнайы сый-сыяпатқа ие болды.