Аягөзде өзен суы қиратқан көпірдің қашан жөнделетіні әзірге белгісіз

көпір
Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының Аягөз ауданында көтерілген өзен суы қиратып кеткен көпірдің қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. 

Бозай елді мекеніндегі көпірді қалыпқа келтіру жұмыстары бойынша аудан әкімі Қанат Әділбай арнайы мамандармен келіссөз жүргізді. 

«Көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау, құрылыс сапасы жайы сөз етілді. Көпірді жөндеу аяқталғанға дейін айналма жолды қарастыру мәселелері де талқыланды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Көпірдің нақты қанша уақытта жөнделетіні әлі айтылған жоқ. 

Еске салсақ, 27 наурызда жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» жолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып, бір бөлігі қираған еді. Аудан әкімі осы оқиғадан соң төтенше жағдай режимін жариялаған болатын. Полиция департаментінің қызметкерлері шектеу белгілерін қойып, кезекшілік ұйымдастырды. Тұрғындарды жүзу құралдарының көмегімен өзен арқылы өткізу үшін ТЖД қызметкерлері жіберілді. 

Соңғы жаңалықтар