Аягөздегі апаттың шығыны есептеліп жатыр - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Аягөздегі төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб 4 топқа бөлініп, апат шығындарын алдын ала есептеуге кірісіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аягөздегі апаттың шығыны есептеліп жатыр - ШҚО

Жергілікті жұрт қаланың су басқан бөлігін теміржол желісінен сыртта жатқандықтан «Залиний» деп атайды. Аягөздің төрт бірдей аймағына жайылған су кеше сағат 19.00-ден бастап саябырсыған болатын. Бүгін су мүлде қайтқан. Күн суығандықтан, көшелер мұз кесектері мен тоң батпаққа толып кеткен. Жергілікті штаб үй-үйді аралап зардап шеккен отбасыларды тіркеуге алуды бастап кетіпті.

«Штаб мүшелері төрт топқа бөлініп, үйлерді аралап жүрміз. Алдын ала түскен мәліметтер бойынша 100 үйге су кірген, 8 үйдің тұруға жарамсыз болып бүлінгені анықталды. Әлі аралайтын үйлер көп, қорытынды шығаруға ерте» - дейді аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жанат Қалиев.

Оның айтуынша, кеше бір адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Су басқан ауданда жедел жәрдем көлігі тұрғанымен, бүгінше оның қызметіне ешкім жүгінбеген. Интернатқа орналастырылған ересектер мен 28 балаға аудандық білім беру бөлімі ыстық тамақ үлестіріп, қызмет көрсетуде. Өскеменнен жеткен көмек жасағының психологы тұрғындарға моральдық көмек көрсетуде.

null 

Қала жастары ерікті топ құрып апаттан зардап шеккен адамдарға жедел көмек ұйымдастырып жүр. Олар комиссияның келуін күтіп, үйін торуылдап жүргендерге тамақ үлестіруде.

null 

«Еріктілердің саны 100-ден асады. Менің қасымда 30-дай ерікті жүр. Жергілікті кәсіпкер Мұрат Ешенғазиев түскі ас уақытында 60 порция палау, 30 литр ыстық шай, 100 данадан астам бәліш әкелді. Осы адам кешеден бері елге қызмет етіп жүр. Су қайтқанмен, көшеде тек жол талғамайтын көліктер жүре алады. Мұрат Ешенғазиев тұрғындарды баратын жеріне өз көлігімен тасып жүр» - дейді ерікті топтың басшысы Шынар Сыдықова.

null null