«Аялаған Астана» байқауының қосымша іріктеу күні 10 мамырға белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 мамыр күні «Аялаған Астана» Ұлттық телевизиялық музыкалық балалар байқауының қосымша іріктеу күні өтеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында байқаудың бас продюсері Лина Арифулина айтты.
None
None

Айта кету керек, аталған байқауға іріктеу туры кеше аяқталған болатын. Алайда ұйымдастырушылар ақылдаса келе, Астана және Алматы қалаларында 10 мамыр күні қосымша іріктеу күнін өткізуді жөн көріпті.

«Біз еліміздің барлық қалаларында 8-12 жас аралығындағы 1000-нан аса өнерпаз балаларды тыңдадық. Дегенмен әлі де қаншама балалар іріктеуге келе алмай қалды. Біз солар үшін 10 мамыр күні Астана мен Алматы қалаларында тағы бір күн іріктеу жүргізуді ұйғардық», - деді Л. Арифулина.

Байқаудың қорытындысы 4, 5, 6 шілдеде - Астана күндерінде өткізіледі. Гран-при иегері Қазақстан атынан «Детская Новая Волна» байқауында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

Әр қалада өткен іріктеу сындарында Қазақстанның эстрада жұлдыздары өздерінің көңілінен шыққан жас өнерпаздарды ұсынады. Ал «Детская Новая волна» байқауының ұйымдастырушылары олардың ұсыныстарын ескере отырып, соңында өз шешімдерін қабылдайды. Жас әншілерге тәлімгер болып, жетекшілік жасауға Нұрлан Албан, Маржан Арапбаева, Батыр Байназаров, Ерболат Беделхан («Орда» тобы), Алмас Кішкенбаев, Данияр Өтеген («Rin-Go» тобы), ADAM, Айқын, Әлішер Кәрімов, Анель Әрінова сынды әншілер келісім берген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жартылай финалға өткен қатысушылар бір ай бойы Астана қаласында Лина Арифулина шеберханасынан, Мәскеуден арнайы келген білікті тәлімгерлерден вокал, сольфеджио, актерлік шеберлік бойынша сабақ алады. Сонымен қатар, Руслан Ботабаев бастаған «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін телевизиялық шоуға дайындалады. Соңында финалистермен 12 концерттік қойылым дайындалады. Кейбір әншілер жеке орындаушы ретінде өнер көрсетсе, кейбірі дуэт, трио болып бірігеді.

Айта кетейік, байқаудың финалы үш күннен тұрады: «Балалық шақ әнұраны» (4 шілде), «Жұлдызбен дуэт және әлемдік хит» (5 шілде), «Атамекен» (6 шілде). Осы күндер қорытындысы бойынша халықаралық қазылар алқасы мен көрермендер (олар тікелей эфир арқылы өзі қалаған қатысушыға дауыс бере алады) жеңімпазды анықтайды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум