Аялдамадан шатасқан: Ұлан сарбаздары балаларды жақындарымен қауыштырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Ұлттық ұланның сарбаздары әртүрлі жағдайға тап болған екі баланы жақындарымен қауыштырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
5 қазан күні сағат 20.30-да әскери жасақ бастығы қатардағы Оразхан Әлішер, патрульшілер қатардағы жауынгерлер Бексұлтан Смадияр мен Мәди Ақжолтаев Бөгембай көшесінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шыққан. Олар көше бойынан шамасы 8-9 жастағы баланы байқап қалған. Әлгі б ала аялдамасынан шатасып, мектептен үйіне қайтар жолды білмей тұрған екен. Әңгіме барысында оқушы әскери жасақ бастығына әпкесінің телефон нөмірін берген. Әпкесі Ұлан жасағы тұрған жерге келіп, інісін үйіне алып кетті. Дәл сол күні осындай тағы бір оқиға қайталанды. Иманбаев көшесінде қызметін атқарып жүрген әскери жасақ бастығы Данияр Нығметов және қатардағы жауынгерлер Жахангір Исаев пен Елдар Байсеркеев сағат 19.00 шамасында жеті жасар баланы байқаған.
«Баланың сөзіне қарағанда, ол кілті болмай, пәтерге кіре алмай жүрген. Әскери қызметшілер әскери топ бастығына болған жағдайды дереу баяндаған. Ұландықтар баланың жақындары келгенше оқушыға қолғап пен ыстық шәй беріп, көңілін аулауға тырысқан. Бала кейіннен анасының қолына тапсырылды», - деді Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен.