Аян Сакошев әкімдердің халықпен кездесулерін өткізуге қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев Президенттің әкімдердің халықпен кездесулерін өткізуіне қатысты Жарлығына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аян Сакошев әкімдердің халықпен кездесулерін өткізуге қатысты пікір білдірді

«Әкімдердің халықпен кездесуіне қатысты Жарлыққа орай бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Құжатқа сәйкес, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан ары жаңғырту, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жайында халықты құлақтандыру, жергілікті атқарушы органдар есебінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Президент халықпен кездесуді жыл бойы өткізуді жүктеді. Оның барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге басымдық бере отырып, Қазақстан жаңғыруының жаңа бағдарының негізгі бағыттарын, проблемалы мәселелерді шешу жолдары мен мерзімін түсіндіру қажет», - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейінгі әкімдердің жыл сайынғы халыққа есеп беру кездесулерін өзгерту мәселесі біраз уақыттан бері пісіп-жетілді.

«Соңғы оқиғалар бұл бағыттағы барынша жүйелі іс-шаралардың қажет екендігін көрсетіп берді. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылған «ашық әкімдік» тәжірибесін сәтті үлгілердің бірі ретінде ұсынуға болады. Облыс, қала әкімінен бастап, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық шаруашылық салалары басшылары тұрақты түрде азаматтарды қабылдап отырды», - деді Аян Сакошев.