Аяна Болтабекқызы: Әлемдік аренада жарыс жолына шығатыныма сенімдімін

НАГОЯ. KAZINFORM — Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы Жаптнияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында өнер көрсетті. Спортшы жарыстан кейін Kazinform тілшісіне Азиада жолын және жоспары туралы айтты.

Аяна Болтабекқызы: Әлемдік аренада жарыс жолына шығатыныма сенімдімін
Фото: Владислав Семенов

Отандасымыздың айтуынша, жарыс нәтижесі ойындағыдай болмаған.

— Бүгінгі нәтиже көңілімнен шықпады. Бастапқы жоспар бойынша кемі үздік бестікке кіру еді. Азия ойындарының жарыс жолына шығу үшін көп еңбектендім. Қаншама жаттығулар өткізіп, Азия ойындары нормасын орындадым. Алайда жарыста дұрыс тактика қолдана алмай қалдым. Бұл алғашқы Азиадам. Бапкерім белгілі себептермен осында келе алмады, оның қолдауы мен үшін өте маңызды еді, — деді спортшы.

Аяна Болатбекқызы алда әлемдік байрақты бәсекелерде өнер көрсететіне сенімді екенін жеткізді.

— Осыған дейін, жастар арасында Азия чемпионатында бір күміс және бір қола медаль еншіледім. Ересектер арасында кешендегі жарыста қола жүлде жеңіп алдым. Елімізде осы қашықтықта жүгіретін қыздар көп емес. Сол себепті осы бағытта ел намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Алдағы уақытта Азия чемпионаты келе жатыр. Әлем чемпионатының нормасын орындап, әлемдік ареналарда жарыс жолына шығатыныма сенімдімін, — деді спортшы.

Қазақстандық жеңіл атлет сөз соңында бапкеріне және барлық қолдау көрсеткен отандастарға рақмет айтты.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ясмина Тоқсанбанва ел қоржынына тоғызыншы алтын жүлде салды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы жетінші жарыс күнінде бес қола медаль жеңіп алды.