Аятжан Ахметжанұлы: «Педагогтар мәртебесі туралы» заңға ата-ананың жауапкершілігін енгізу керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған келешектегі «Педагогтар мәртебесі туралы» заңда мектеппен бірге, ата-ананың да жауапкершілігі қарастырылуы керек. Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжан ҚазАқпарат тілшісіне осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң жайлы 2012 жылдан бері қарай тұрақты жазып келе жатқан адаммын. Арнайы заң керек деп мақала да жаздық, сұхбат та бердік. Оның сыртында Білім және ғылым министрімен екі рет кездесуде де менің көтерген мәселем - осы заңның қажеттігі болатын. Неге десеңіз, біздің қоғамда ең қатты жұмыс істейтіні - «Бала құқығы туралы» заң. Ал «Бала құқығы туралы» заңның кейбір тармақтарын өзінің оң жамбасына пайдаланатын бәлеқуғыш адамдар қаншама мектептегі дарынды мұғалімдердің обалына қалды», - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Орталық директорының айтуынша, оның сыртында мұғалімдердің қолбала болу жағдайы ешкімге жасырын емес.
«Сондықтан, ең алдымен «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң қабылдануы керек. Онымен бірге, ол заңды «Білім туралы» заңдағы мұғалімге, бала құқығы мен отбасы, ата-ананың құқығына байланысты кейбір нормалармен сәйкестендіріп, толықтырулар енгізу керек», - дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлы аталмыш заңда ескерілуі тиіс мәселелерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
«Ең алдымен, мұғалімнің міндетіне кіретін және кірмейтін жұмысты ажыратып алу керек. Екіншіден, ұстаздың құқы. Қазақта қақы мен құқы деген сөз бар ғой. Мұғалімдердің қақын қолмен ұстағандай міндеті деп белгілеп берсе, онда соған қарай құқы шығады. Үшіншіден, ұстаздың статусы. Бұрын мұғалімнің оқушыға қол көтеретін жағдайы болып жатса, қазір керісінше оқушы мен ата-ана мұғалімге қол көтерген жағдай кездесе бастады. Мұғалімнің статусы белгіленуі керек міндетті түрде. Сонымен бірге, мұғаліммен жұмыс атқаратын мектеп директоры, мектеп директорының орынбасарының міндеті мен міндетті қабылдау ережелері заңда толыққанды көрсетілуі керек», - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Орталық директоры атап өткендей, білім бөлімінің әдіскерлері мен басшыларының міндеті заңнан тыс қалмауы тиіс.
«Мемлекеттік органдардың нені тексеруге құқы бар, нені тексеруге құқы жоқ. Содан кейін жұмысқа қабылдану шарттары, жүктеменің аз немесе көп болуы қарастырылса дейміз. Жұмыстан шығару туралы ереже болғанымен, оны да меніңше қайта қарау керек. Содан кейін мұғалімнің зейнет жасын да қайта қарау керек деп ойлаймын. Себебі, қазір компьютер заманында мұғалімдік жұмысты 40-50 жыл істеу, 60 жасқа келіп отырған мұғалімнің жұмысты жалғастыруы - өте ауыр дүние. Заңның тұтастығы үшін мұғалімдер бәрімен бірдей зейнетке шығу керек дейтін шығар. Бәлкім, 50 жастан жастан асқан мұғалімнің жүктемесін азайтып, ақшасын көбейту керек болар. Осы мәселенің белгілі бір нормаларын әзірлеу керек деп ойлаймын», - дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлы өз сөзінде ұстаз бен ата-аналар арасында белгілі бір кикілжің пайда болған жағдайда ең алдымен мұғалімнің құқы қорғалмай жататынын айтады.
«Қазақта жігіттің үш жұрты бар дейді. Өз жұрты, нағашы мен қайын жұрты. Жігіттің осы үш жұрты тату болмаса, шаңырағы шайқалмай тұрмайды. Ал мен дәл осы сөзді оқушыға қолданғым келеді. Оқушының үш жұрты - мектеп, ата-ана және қоғам. Бірақ, өкінішке қарай үш жұрт жауапкершілікті бір-біріне лақтырады. Үшеуі бірігіп бала тәрбиесімен шұғылданудан бұрын бірін-бірі кінәлауға дайын тұрады. Сондықтан, үшеуінің де мектептің, ата-ананың, қоғамның жауапкершілігі толыққанды іске асуы керек. Мысал келтірейін: баланың сабағы бітіп, мектептен шығып құдыққа құлап кетсе немесе ол көшеде біреумен төбелесіп қалса - мектеп таяқ жейді. Ал ол жағдайдың мектептің сыртында болғаны ескеріле бермейді. Соған жеттік. Сонда ата-ана қайда? Сондықтан, бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі міндетті түрде қарастырылуы керек деп ойлаймын», - деп түйді Аятжан Ахметжанұлы.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.