12:33, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Аяз би Жаманұлы
Аяз би Жаманұлы (шамамен XII-XIII ғасыр) – қазақ халқының ежелден елге аты мәшһүр болған, аты аңызға айналып кеткен ақылгөй абыз, шешен, биі.
Аяз бидің ғұмырнамасы жөнінде әртүрлі дерек бар. Майқы би Мәнұлының шешіресін жазған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты кітабында Аяз биді және оның серігі Құмырсқа батырды «Майқы би дәуірінде өмір сүрген, Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билер еді», деп жазады. Сонда бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауынан 711 жыл бұрын туып, 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлының замандасы, тұстасы болып шығады. Ал зерттеуші Балтабай Адамбайұлының «Алтын сандық» атты кітабындағы шағын мәліметте Аяз би ? Хиуа хандығы дәуірінде өмір сүрген тарихи адам деп, оны XI-XII ғасырға жатқызады. Бұл - әлі тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе.
Аяз би өзінің ақылдығы даналығы арқасында Мадан ханның бірнеше сынынан өтіп уәзірі болады. Ханға шөп жаманы ? қоға, құс жаманы ? сауысқан екенін дәлелдеп, хан тұлпарының сиырға, өзінің қара халыққа шатыстығын айырып береді. Мадан ханның шартты жұмбағын шешкеннен кейін Меңдісұлуға үйленіп, күншіл, ақылсыз қырық уәзірді өлім жазасынан құтқарады. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін хан мойындап, халық қалап, оны хан етіп көтереді.
Майқы би өзінің төңірегіне ақылды, дана, би, шешендерді, батыр, балгер, көріпкел әулиелерді көп жинап, олармен ақылдасып отырады. Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Олар аспанға, жұлдыздарға қарап, мал-шаруа жайын, егіншілікке қолайлы мерзімді күні бұрын болжап, халыққа пайдасын тигізеді. Ал Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би, әрі батыр жан серігі болыпты. Қайда барса да екеуі жұбын жазбай жүреді екен. Ол екеуі Майқы бидің сілтеуімен қазылық құрып, көбінесе ел мен ел арасындағы елшілік, бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан да Майқы би Аяз би мен Құмырсқаға арқа сүйеп, оларға сенім артыпты. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақыдасып, ой-пікір алысып отырады. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:
Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс,
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ,
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.Ел арасында «Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген нақыл сөз содан қалса керек. Аяз бидің есімі мыңдаған жыл өтсе де өшкен жоқ. Ол туралы ертегілер, аңыз-әңгімелер ел арасында көп сақталған.Дереккөзі:
Қазақстан ұлттықэнциклопедиясы, 1 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы