Аяз, боран, көктайғақ: құтқарушылар көлікпен алыс жолға шықпауға кеңес берді - ШҚО
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңір жұртшылығына алдағы 3 күнде көлікпен алыс жолға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 17 қарашада күндіз облыстың оңтүстігінде, солтүстік-шығысында қар жауады. Өңірдің батысы мен солтүстігінде боран және көктайғақ болады.
Оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысатын жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге, күндіз 25 метрге дейін жетеді. Өскемен және Семей қалаларында 17 қарашада бұрқасын, көктайғақ күтіледі.
«18 қарашада қар жауып, облыстың оңтүстігінде, солтүстік-шығысында боран соғады. Жел жылдамдығы секундына 30 метрден асуы мүмкін. Ал 19 қарашада ауа температурасы күрт төмендеп түнде -17-22, облыстың солтүстік-шығысында -25-ке дейін аяз болады. Сондықтан аймақ тұрғындарына алдағы күндерде барлық сақтық шараларын қаперде ұстау қажеттігін ескертеміз. Мұндай ауа-райы жағдайында ұзақ сапарлардан бас тартқан жөн», - делінген ақпаратта.