Аязда жолаушыларды түсіріп кеткен жолсеріктердің ісі тексерілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Омбы-Қарағанды пойызындағы жолсеріктің әжей мен оның немересін сырттағы қатты аязға қарамастан вагоннан түсіріп кетуіне байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көкшетауда №143/144 Омбы-Қарағанды бағытындағы пойыз жолсерігінің қартаң әйел мен оның немересін вагоннан түсіріп кетуіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижелер анықталған соң кінәлі қызметкерлерге ҚР Еңбек заңнамасының аясында қатаң шаралар қолданылатын болады»,-деп хабарлады баспасөз қызметі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Көлік комитеті тасымалдаушылар атынан болған оқиға үшін кешірім сұрайды және осындай оқиғалардың болашақта қайталанбауы үшін қажет шаралардың барлығын қолданатындығын хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Омбы-Қарағанды пойызының жолсерігі қартаң әйел мен оның төрт жастағы немересін сырттағы қатты аязға қарамастан вагоннан түсіріп кеткені жазылған. Оларды пойызға басқа вагонның жолсерігі кіргізгенге ұқсайды.