Аязды күндері сабақтың тоқтатылуы оқушылардың біліміне кері әсер етпейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше күннен бері аяз қысып, Сарыарқаның сарышұнақ бораны мінез көрсетіп тұр. Қала сыртын айтпағанда, қаланың ішіндегі қозғалыс та бәсеңсіген. Мұндай бет шыдатпайтын суықта мектеп оқушылары үшін сабақ тоқтатылуда. Дегенмен олар мектеп бағдарламасынан қалмайды, деп хабарлады елорданың ресми сайтынан.
"Күннің суытуына байланысты жылда мектептерде сабақ тоқтатылады. Ол кездері мұғалімдердің сабақ жоспарына өзгертулер енгізіледі. Өйткені біз өткізіп алған бағдарламаларды қосымша сабақтар арқылы немесе демалыс кезінде оқыта алмаймыз. Сондықтан сабақ басталғанда күніне екі тақырыптан өтіп, бағдарламаны игеруге тырысамыз", - дейді Астана қаласы Білім басқармасы бөлімінің басшысы Ботагөз Жүнісова.
Бір айта кететіні, мұғалімдер балаға салмақ келмеуін де ескеріп жатыр. Ал, мектептен тыс білім алам деушілер интернет арқылы тапсырма алып, жеке дайындала алады. «Қазгидромет» РМК болжамынша елордадағы аяз 2 ақпанға дейін сақталады.