Аязға байланысты Астанада көлікті оталдыру қызметтері қымбаттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарышұнақ аяз салдарынан Астанада көлікті оталдыру қызметтеріне сұраныс күрт артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған қызмет үшін қазіргі кезде елордадағы техникалық қызмет көрсету орындарында шамамен 20 мың теңге сұрап отыр. Осы орайда «Авто24» ТҚКС маманының сөзіне қарағанда, соңғы екі екі күнде көліктерін оталдырып беру көмегіне жүгінген адамдар саны күрт артуда.

«Біз қала тұрғындарынан тапсырыс алып үлгермей жатырмыз. Өздеріңіз байқағандай, минус 40 градустық сарышұнақ аязда көліктердің оталуы қиындау», - деді аталған стансаның Ардақ есімді маманы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Жүргізушілердің айтуынша, аязға дейін бұл қызметтің түрі орташа алғанда 5 мың теңге сомасында болған, алайда тапсырыс берушілер сан көбейгеннен кейін, осы қызметке баға да шарықтады.

Кейбір техникалық қызмет көрсету стансалары көліктің қозғалтқышын жылытып, оталдырып беруге 10 мың теңге сұрап отыр. Бірақ та станса мамандары бос болмағандықтан, оларға телефон шалу мүмкін болмай тұрған көрінеді.

«Астана тұрғындарының көбісі көліктерін сауда орталықтары астындағы жылы тұрақтарға қойды. Бұл ретте бір түнге тұрақты пайдаланған үшін олар 1700-2000 теңге аралығында төледі. Сондықтан орталықтардағы тұрақтарда орын болмады», - деді қала тұрғыны Бибігүл Таненова.

Тәжірибелі жүргізуші Бейбіт Сұлтановтың атап өтуінше, күтім көрген автокөлік  кез келген аязда екінші талпыныстан оталуы тиіс.

 «Егер де көлік оталмаса, онда оның бөлшектерінің ақауы бар дегенді аңғартады. Ең маңызды деген тетіктерін уақтылы ауыстырмаса немесе аккумуляторы отырып қалса, онда көлік аязды күндері жүрмей қалатыны анық. Негізі, аккумулятор шамамен 3 жыл мерзімде дұрыс қызмет етіп береді. Мысалы, бүгін көлігімнің күдік туғызған бөлшектерін ауыстырып жатырмын, сондықтан алдағы суықтарда да автокөлігім оталады деген үміттемін», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар