Айбатыр Жұмағұлов «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды

Бұған дейін ол холдингтің басқарушы директоры қызметін атқарған. Атап айтқанда, «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ бұрынғы басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның қызметі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында бірқатар сын-ескертулер мен нақты тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар отырыс барысында Президент «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басшылығына өткір сын айтып, Қ. Бишімбаевқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, аталған банктің басшылық қызметкерлері миллиондаған теңге жалақы ала отырып, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында пәтерлерді жеңілдікпен сатып алған. «Маған жаңа баспана төрағаға, оның орынбасарларына, банктің Алматыдағы филиалының директорына, оның ағасына, департамент директорына, оның апайына бөлінгендігі туралы анықтама берді. Банктің басқарушы директоры, оның ағасы, сондай-ақ кейіннен пәтерді үшінші тұлғаға сыйға тартқан ұлы баспана алған. Мен уақытымды шығындап мынау далбасаны істер іс болмағаннан кейін тізбектеп атап отырғаным жоқ. Мен қарап отырмын, банктің жеңілдікпен пәтер алған 20-дан астам қызметкері бар. Біз сонда банкті оның қызметкерлері үшін құрдық па?» - деді Елбасы.
Бүгінгі баспасөз мәслихаты барысында Қ. Бишімбаев банктің басшы қызметкерлері алған пәтерлерін ерікті түрде қайтару мәселесі қарастырылып жатқандығын мәлімдеді.