Айбек Ермекұлы «Балалар алақанындағы күн» Халықаралық балалар фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды
АЛМАТЫ. 7 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 29 мамыр мен 3 маусым аралығында Мәскеуде «Балалар алақанындағы күн» деп аталатын Халықаралық балалар фестивалі өтті.
Онда Алматыдағы №175 Жаңа ғасыр гимназиясының 10 жастағы оқушысы Айбек Ермекұлы Ерназар Бас жүлдені жеңіп алды. 5 жасынын бері ән айтып келе жатқан жас өнерпаз «Әнші болғым келеді», «Мен бақытты баламын» сияқты өнер байқауларында бағын сынап көрді. Одан соң Республика сарайында ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Мақпал Жүнісовамен бірге «Қазағым» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның репертуарында қазір «Ойна, балақай», «Анашым», «Әліппем» деген сияқты оншақты ән бар. Бейнебаяндары да шықты. Қазір «Сұлуым» деп аталатын жаңа жобасын дайындау үстінде.