Айбек Оралбай мансабындағы ең маңызды шешімі туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай суперауыр салмақ дәрежесіне ауысуына не себеп болғанын және жекпе-жектерге қалай дайындалатынын айтып берді, деп хабарлайды  Қазақстан бокс федерациясы.

Айбек Оралбай
Фото: ҚР МОҚ

Боксшының айтуынша, салмақ дәрежесін өзгерту туралы ұсынысты алғаш болып жеке бапкері Асқар Еркебаев айтқан. Алайда спортшы бұл шешімді бірден қабылдамаған.

Ол біраз уақыт 90 келі салмақта өнер көрсетіп, кейін 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де күш сынап көрген. Осылайша жаңа санаттың өзіне қаншалықты қолайлы екенін бағалауға мүмкіндік алған.

– Жеке бапкерім Асқар Еркебаев басқа салмақ дәрежесіне ауысқан дұрыс болатынын айтты. Біз бұл туралы ұзақ ойландық. 90 келі салмақта турнирлерге қатысып жүрдік, кейін 90 келіден жоғары салмақты да байқап көрдік. Біраз уақыт қажет болды, бірақ қазір бұл өте дұрыс шешім болғанына сенімдімін. Соңғы шешімді өзім қабылдадым, – деді Айбек Оралбай.

Оның сөзінше, жаңа салмақтағы алғашқы маңызды жарыстардың бірі Таиландта өткен Азия чемпионаты болған. Сол додада ол чемпион атанған.

Кейін Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында суперауыр салмақта өзін еркін сезінетінін түсініп, осы санатта біржола қалуға шешім қабылдаған.

Айбек Оралбай суперауыр салмақта өнер көрсету үшін міндетті түрде дене салмағын арттыру қажет деген пікірмен келіспейді.

Боксшының айтуынша, бұл салмақта қарсыластардың дене бітімі мен салмағы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, өзі 100 келі тартса, қарсыласының салмағы 125 немесе 135 келіге жетуі ықтимал.

Соған қарамастан ол салмағын әдейі көбейтпеуді жөн көрген. Өйткені артық салмақ қимыл-қозғалысты баяулатып, рингтегі жылдамдыққа кері әсер етуі мүмкін.

– Кейбір турнирлер арасында салмағым қатты өсіп кеткен кездер болды. Жеңілістер де кездесті. Сол уақыттан бастап салмағымды қатаң бақылауға алдым. Рингке қандай физикалық дайындықпен шығу керектігін нақты түсіндім. Көпшілік суперауыр салмақтағылар салмағын бақыламайды деп ойлайды. Шын мәнінде, біз тамақтану тәртібін де, жаттығу процесін де мұқият қадағалаймыз, – деді боксшы.

Айта кетейік, Айбек Оралбай бұған дейін 92 келіге дейінгі салмақта табысты өнер көрсеткен. Ол 2018 жылы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы, 2022 жылы Азия чемпионы атанды.

2024 жылдың мамырында Elorda Cup турнирінде суперауыр салмақта алғаш рет бақ сынап, Париж Олимпиадасынан кейін осы санатта біржола қалды.

2025 жылдың қыркүйегінде Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2026 жылы Айти-Нагояда өткен Азия ойындарының финалында өзбекстандық Жахонгир Зокировты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңді.

Айта кетейік, бұған дейін Айбек Оралбайдың 2026 жылғы Азия ойындарында 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға шығып, өзбекстандық Жахонгир Зокировпен кездесетіні хабарланған болатын.