Айбек Оралбай Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Айбек Оралбай
Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін бірінші болып шаршы алаңға шыққан Айбек Оралбай ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді ұтып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды.

Бұл Италия шаршы алаңындағы қазақ боксшыларының алғашқы жеңіп алған жолдамасы. Ал жалпы қазақ боксшыларынан ерлер арасындағы екінші жолдама. Осыған дейін бокстан Парижге жолдама ерлер арасында +92 кг салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың қолында ғана болған. Ол Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.

Енді Астана уақытымен 19:30 шамасында 75 келі салмақта әйелдер арасында Валентина Хальзова Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбамен Олимпиада жолдамасын сарапқа салады.

Ал кешкі сессияда 50 келіде Алуа Балқыбекова Германия боксшысы Макси Карина Клоетзермен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек уақыты 23:00-ге жоспарланған.

Ал 51 келіде Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық Киаран Макдональдпен 00:00 уақыт мөлшерінде шаршы алаңға шығады. Сәкен Бибосыновтың қарсыласы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері,

57 келі салмақта сынға түсіп жатқан жерлесіміз Сабырхан Махмұд тәжікстандық 2011 жылы Астана төрінде өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарған және 2011 жылы әлемде ең мықты жасөспірім атағын жеңіп алды Асрор Вохидовпен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек 00:30 шамасына жоспарланған.

Сабырхан Махмұдтан кейін іле-шала 71 келі салмақтағы отандасымыз Асланбек Шымбергенов Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен күш сынасады. Оның қарсыласы 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Сонымен қатар 80 келі салмақтағы жерлесіміз Нұрбек Оралбай Астана уақытымен 01:30 шамасында 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Ирландия боксшысы Келин Кассидимен Олимпиада жолдамасын сарапқа салмақ.

Айта кетсек, лицензиялық турнирде жартылай финалға дейін жеткен боксшылар 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алады.

Соңғы жаңалықтар