«Айбын-2026» халықаралық жиынында жарыстың негізгі кезеңдері өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжінің «Амандық» полигонында өтіп жатқан XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны аясындағы жарыстар қыза түсті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті. 

«Айбын-2026» халықаралық жиынында жарыстың негізгі кезеңдері өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ұлдар арасында турникте тартылу, қыздар арасында денені шалқасынан жатып көтеру сайыстары, сондай-ақ Smart Sarbaz байқауы мен «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны аяқталды.

Жарыстың ең әсерлі әрі күрделі кезеңдерінің бірі — әскери кросс болды. Әр командадан төрт қатысушы бір шақырымдық қашықтықты еңсерді. Сонымен қатар олар граната лақтырып, үш оқпен 10 метр қашықтықтан нысананы көздеді.

«Айбын-2026» халықаралық жиынында жарыстың негізгі кезеңдері өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл әскери-қолданбалы сайыста Өзбекстанның «Ватан таянчи» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері ерекше көзге түсті. Егіз ағайындылар Хасан мен Хусан Хожимуратовтар сыртқы ұқсастықтарын ғана емес, жеңіске деген ортақ жігерлерін де көрсетті. Мәре сызығына дейін бір-біріне қолдау көрсетіп, ұйымшылдық пен қайсарлықтың үлгісін танытты.

— Біз жарыстың ерекше достық атмосферасын атап өткіміз келеді. Мұнда әртүрлі елден келген қатысушылар арасында өзара құрмет пен шынайы бауырластық орнаған. Барлық кезеңдер жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл жиынға қатысу өз күшімізді сынап қана қоймай, жаңа білім, дағды және болашақта қажет болатын құнды халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді, — деді ағайындылар.

«Айбын-2026» халықаралық жиынында жарыстың негізгі кезеңдері өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жарыстың әр кезеңінде өз көшбасшылары мен рекорд иелері болды. Мәселен, автоматты жартылай бөлшектеу және жинақтау жаттығуында Алматы қаласындағы Қазақстан Қарулы күштерінің «Жас десантшы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Әлихан Хамит нормативті небәрі 8 секундта орындады.

— Клубтағы сабақтар маған тәртіпті, төзімділікті және командада жұмыс істеуді үйретті. «Айбын» жиынына үшінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Бұл — менің сайыстағы соңғы сынағым. Алда өмірімнің жаңа кезеңі — мамандық таңдау тұр. Мен болашағымды заң саласымен байланыстыруды шештім. Азаматтардың құқықтарын қорғап, елімнің заңына қызмет еткім келеді. Жарыста бар күшімді салдым және жақсы нәтиже көрсеттім, — деді жас десантшы.

Бекітілген бағдарламаға сәйкес клубтар мен оқу орындарының тәрбиеленушілері пневматикалық мылтықтан ату шеберліктерін де көрсетті.

Айта кетейік, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы күн сайын түстен кейін қатысушылар санаттары бойынша өткізіледі.

Бүгін өңірлік әскери-патриоттық клубтар мен әскери мектептердің командалары өз өнерлерін көрсетті.

Ертең Қазақстанның күштік құрылымдарының өкілдері өз шеберліктерін паш етеді.

Еске сала кетейік, Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің «Амандық» полигонында өтіп жатқан «Айбын-2026» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясындағы жарыстарға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген мыңға жуық ұл-қыз қатысып жатыр.