«Айбын-2026» жиынында арқан тарту, эстафета және жүзуден үздіктер анықталды
АСТАНА.KAZINFORM — Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны жалғасып жатыр.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің күш-қуатын, төзімділігі мен жылдамдығын көрсетіп, нағыз қайсар мінез танытты. Ең тартысты кезеңдердің бірі арқан тарту сайысы болды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жарыста жеңіске жету үшін бір қара күш жеткіліксіз. Мұнда командалық үйлесім, бірлік пен дұрыс тактика шешуші рөл атқарады.
Халықаралық санаттағы финалдық бәсекеде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Тартысқа толы шешуші сайыста Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің кадеттері жеңіске жетті.
— Бұған дейінгі «Айбын» жиындарында біз осы сайыс түрінен тұрақты түрде екінші немесе үшінші орын алып жүрдік. Ал бүгін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Біз үшін Қазақстанның абыройын асқақтатып, әскери-патриоттық клубтардың жас тәрбиеленушілеріне үлгі көрсету маңызды болды, — деді жеңістен кейін эмоциясын жасыра алмаған ұлттық құраманың капитаны Сағынай Сағанбек.
Сол күні полигонда әскери эстафета да өтті. Қарқынды жарыс қатысушылардан жоғары деңгейлі шоғырлану, жылдам әрекет ету мен командалық үйлесімді талап етті.
Жарыс шарты бойынша әр командадан бес қатысушы кезекпен 25 метрлік қашықтықты еңсерді. Әрқайсысы автоматты бөлшектеу және жинақтау, әскери жарақты кию, салмағы 15 келі болатын оқ-дәрі жәшігін тасымалдау, тікенекті сым астымен еңбектеп өту және садақ ату секілді тапсырмаларды орындады.
Күннің екінші жартысында спорттық тартыс Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлық орталығында жалғасты. Мұнда жүзу жарыстары өтті. Өз командаларының намысын қорғаған қатысушылар әр секунд үшін күресті. Бұл сайыста дұрыс тыныс алу, жүзу техникасы және эстафетаны жоғары жылдамдықпен тапсыру шеберлігі маңызды рөл атқарды.
Ауқымды шара өз мәресіне жақындап келеді. Дегенмен ұйымдастырушылардың басты жетістігі ретінде қатысушылар арасында қалыптасқан достық, өзара құрмет пен сауатты бәсекелестік атмосферасын атауға болады.
— «Айбын» жиынына қатысу үшін Қазақстанға алғаш келуім. Әсерім өте жақсы. Мұнда ерекше достық пен өзара сыйластықты сездім. Бірнеше күннің ішінде әртүрлі елден келген жастармен достасып үлгердік. Эстафета біз үшін қиын болған жоқ. Себебі өз елімізде осындай кедергілер жолағынан өтуді мұқият жаттықтырдық. Сондықтан жарыс барысында өзімізді сенімді сезініп, жақсы нәтиже көрсеттік, — деді Қырғыз ұлттық әскери лицейінің тәрбиеленушісі Әжібек Рысқұлов.
Айта кетейік, қатысушылардың шеберлігін сынайтын басты кезең — «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны болады. Алайда қазірдің өзінде бұл жиынның ең маңызды нәтижесі кубоктар мен медальдар ғана емес, ортақ сынақтар мен адал бәсекеде шыңдалған берік достық екені анық.
Айта кетелік «Айбын-2026» халықаралық жиынында жарыстың негізгі кезеңдері өткен еді.