07:28, 26 Наурыз 2025 | GMT +5
Айдана Ғазизқызы пара дзюдодан әлем кубогының жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Грузия астанасы Тбилисиде көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасында пара дзюдодан әлем кубогы жарысы мәресіне жетті.
Әлемдік додада қазақстандық Айдана Ғазизқызы J2 санаты бойынша 70 келіден жоғары салмақта қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Осылайша, ол Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды.
Сонымен қатар J1 санаты бойынша 95 келіден жоғары салмақта Бағланбек Оналбек күміс алса, Ерлан Өтепов қоланы олжалады.
Қазақстан құрамасы турнирді 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен аяқтап, жалпы есепте төртінші орынға табан тіреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем кубогында қазақстандық пара дзюдошылардың 3 медаль алғанын жазған болатынбыз.