Айдар Қазыбаев: Ресей компаниялары АХҚО-ға тіркеле бастады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Астана халықаралық қаржы орталығының таныстырылымы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдар Қазыбаев: Ресей компаниялары АХҚО-ға тіркеле бастады

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттерімен өткен кездесуде қаржы орталығының басқарушы директоры Айдар Қазыбаев Ресейге салынған санкциялар орталық жұмысына тиімді әсер етіп жатқанын атады.

"Қаржы орталығының құрылғанына көп болмаса да, шетелдік компаниялардың қызығушылығы жоғары. Ұйымды халықаралық аренада мойындату үшін ел Конституциясына да тиісті өзгертулер енгіздік. Соңғы кезде Ресей компаниялары біздің орталық арқылы тіркеле бастады. Соңғы салынған санкциялар біздің жұмысымызға біршама тиімді әсер етті. Санкция тәуекелінен сақтанған инвесторлар "Астана" алаңын әлдеқайда сенімді орта деп танып отыр" - деді Айдар Қазыбаев.

Ол сондай-ақ, аталмыш орталықта валюта еркіндігі сақталатынын, "Астана" серіктестері Қазақстан аумағында 50 жылға корпоративтік  салығынан босатылатынын айтты.

"Осының арқасында біздің Орталық Мәскеу, Санкт-Петербург, Рига қаржы орталықтарының алдына шығып отыр. Болашақта әлемдегі 50 үздік қаржы орталығының қатарына кіруді жоспарлап отырмыз" - деді Айдар Қазыбаев.