Айдар Шәрібаев Майки Гарсияның жеңісіне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев Сергей Липинц пен Майки Гарсияның жекпе-жегі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА Diamond Ring промоутерлік компаниясына сілтеме жасап.
10 наурызда Сан-Антониода қазылардың бірыңғай шешімімен америкалық 30 жастағы боксшы Майки Гарсия (38-0, 30 КО) 28 жастағы ресейлік боксшы Сергей Липинцті (13-1, 10 КО) жеңген болатын.
«Бұл жекпе-жек туралы пікір айту үшін бокс сарапшысы немесе керемет бәс тігуші болудың қажеті жоқ. Гарсия өз қарсыласынан әлдеқайда күштірек. Ресейлік спортшы әлі жас, болашағы алда. Ол кикбокс тәсілдерін көрсетіп қалғандай болды. Алайда бокс ерекше шеберлікті қажет ететін спорт», деді Айдар Шәрібаев.
Естеріңізге сала кетейік, Айдар Шәрібаев 6 сәуірде Лос-Анджелесте мексикалық Энрико Тинокомен қолғап түйістіреді. Бұл оның титулдық және дебюттық жекпе-жегі болмақ. Қарсыластар жартылай жеңіл салмақта WBA Intercontinental чемпионының белдігіне таласады.