Айдарбек Қожаназаров: Отандық өндірушілерді заңнамаларды өзгерту арқылы қолдаймыз

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Диқандарға субсидия алуда ұшырасатын қиындықтар, электр энергиясының тарифі, машина жасау саласын білікті мамандармен қамту. Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында аграршылармен және тауар өндірушілерімен кездескен Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров осы және өзге де мәселелер бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айдарбек Қожаназаров: Отандық өндірушілерді заңнамаларды өзгерту арқылы қолдаймыз
Фото: parlam.kz

Абай ауданында депутат дәнді дақылдар мен картоп, асыл тұқымды мал өсіруге мамандандырылған «Шанс» шаруа қожалығында болды. 1997 жылы құрылған шаруашылықта 100-ден астам адам еңбек етеді. Айдарбек Қожаназаров шаруа қожалығы басшысы Игорь Жабякпен су, алдағы егін жинау науқаны, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылады. Диқандар субсидия алудағы қиындықтармен бөлісті.

Қарағандыда орналасқан Clobal City көтерме және дистрибьюторлық орталығында мәжілісмен сауда-қойма кешені жұмысымен танысты. Қазақстандағы ең ірі кешендердің бірі шағын және ірі бизнеске қоймалық, сауда және бизнес инфрақұрылымының толық қызметтерін көрсетеді. Бұл орталықта шаруалармен ынтымақтастық мәселелері, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау мүмкіндіктері талқыланды.

Депутат облыстағы ең ірі энергия тасымалдаушы ұйым – «Қарағанды Жарық» ЖШС-де де болды. Компания 250 мыңға жуық тұтынушыға қызмет көрсетеді. Мұнда электр желілерін жаңарту, үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, электр энергиясының тарифтері мәселелері көтерілді.

Кенді қортпаларды алу және өңдеу, металл прокатын шығарумен айналысатын Қарағанды болат құю және машина жасау зауытының ұжымында 800 жұмысшы қызмет етеді. Бұл жерде шикізат бағасының қымбаттауы, өндірісте жұмыс істеу үшін білікті кадрлар даярлау, өндіріс қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шаралары туралы сұрақтар талқыланды.

Сондай-ақ, депутат Қарағанды аяқ киім фабрикасы, «SMK group» құрылыс компаниясы жұмысымен танысты. Онда өндірістің өзекті мәселелері талқыланды. Фабрика басшылығы атап өткендей, кәсіпорынның негізгі міндеті – тұтынушылардың қауіпсіздігін 100% қамтамасыз ететін жоғары сапалы мамандандырылған аяқ киім шығару.

«Парламент Мәжілісіндегі «Respublica» партиясының фракциясы ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнеске, әлеуметтік салаға қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде біз ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тыйым салуды шектеуді, қосылған құн салығы есебін, агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидияларды бөлу жүйесін қайта қарауды, суармалы су проблемалары мен органикалық өнімдерге қойылатын талаптарды стандарттауды жақтаймыз. Отандық өнім өндірушілерді қолдауды заңдар мен ережелерді өзгерту арқылы жүргізе аламыз», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Халықпен, еңбек ұжымдарымен, аграршылар және өнеркәсіпшілермен кездесулер депутаттарға жергілікті жердегі мәселелерді жан-жақты зерделеуге көмектеседі. Көтерілген проблемалар Парламент Мәжілісінің отырыстарында партия фракциясының депутаттық сауалдарына енгізіліп, оларды шешу жолдары Үкіметпен бірлесіп, әзірленеді.