Айдос Ербосынұлының командасы оның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Suleimen Promotions командасы қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Instagram-дағы «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

«АҚШ-тағы өкіліміздің сөзінше, боксшымыздың денсаулығы айтарлықтай жақсарды, соның ішінде физикалық жағдайы – Айдос өздігімен аяғын басып, жүре алады. Сондай-ақ боксшымыздың ақыл-есі жақсы. Онымен қоса, Айдос дәрігерлердің сұрағын түсініп, оларға оп-оңай жауап беріп жатыр. Мамандар мәліметіне сәйкес, Айдос тез сауығып келеді.

Өкіліміздің айтуынша, таяу уақытта боксшымыз ауруханадан шығарылып, ол отанына оралуы ықтимал.

Сондай-ақ АҚШ-қа Айдостың жұбайы келді. Қазір ол боксшының жанында. Әрине, ол үшін бұл үлкен қолдау», - деп мәлім етті Suleimen Promotions компаниясынан.

Еске салайық, қараша айының басында қазақстандық боксшы кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілген болатын. Суперорта салмақ санатындағы жекпе-жек WBA-дің «тұрақты» әлем чемпионы атағы үшін өтті. Айқастан кейін А.Ербосынұлы шұғыл түрде Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Оған «миына қан кету» диагнозы қойылды. Бұдан әрі ол жасанды түрде комаға жіберіліп, ота жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Айдосқа қолдау білдіріп, тезірек сауығып кетуді тіледі.

«Кубалық боксшымен жекпе-жегіңізде бүкіл қазақстандық жанкүйер Сізге тілекші болды. Бәсеке болған жерде жеңіс пен бірге сәтсіздіктің де болатыны заңдылық. Ең бастысы – деннің саулығы. Тезірек сауығып, ортамызға оралып, отандық бокстың дамуына үлесіңізді қоса беретініңізге сенім білдіремін», - деп жазылған жеделхатта.


Соңғы жаңалықтар