Айдос Сарым Бишімбаев ісіндегі судьяға қысым жасау фактісі туралы пікір білдірді

айдос сарым
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым азаматтық некедегі әйелін асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін жүргізіп келе жатқан судья Айжан Құлбаеваның телефонына белгісіз телефоннан түскен қорқыту хабарламалары туралы пікір білдірді.

«Егер судьяға айыпталушы тараптан белгілі бір дәрежеде қорқыту, сес көрсету деген сияқты нәрсе болса, оған қосымша қылмыстық іс қозғалу керек, ол прокуратураның құзырында. Судьяның құқығы, мәртебесі туралы арнайы конституциялық заң бар. Сол бойынша прокуратураға шағымданса, тағылып отырған айыптары оңай емес қой, соған кемінде 5-7 жылға дейін айып тағылып, түрмеде отыруы мүмкін. Енді онсыз да түрмеге отыратын сияқты ғой. Бірақ қосымша салмақ болуы ықтимал», - деді депутат.

Айдос Сарым мұндай әрекетті заңды өрескел бұзу деп бағалайтынын айтты.

«Бұл көргенсіздік, басқа мәселе емес, заңды өрескел бұзу, қылмыстық іс. Мейлі ол шахтер болсын, кешегі министр болсын, сот барысында судьяға қоқан-лоққы жасап, қорқытып үркітсе, өте ауыр қылмыстың бірі болып есептеледі», - деді ол.

Еске салайық, бүгін Жоғарғы сот Бишімбаев пен Байжановтың ісін жүргізген судья Айжан Құлбаеваға белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскенін мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар