Айдос Сарым: Қазақстан жаңа конституциялық дәуірге қадам басты

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қыркүйектен бастап еліміздің саяси жүйесінде жаңа кезең басталады. Жаңа Құрылтай жұмысы басталып, саяси өзгерістер жүзеге асады. Соның ішінде бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары да сайланатын болады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының JJ Studio бағдарламасына берген сұхбатында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым айтты.

Айдос Сарым
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдардағы ең маңызды саяси өзгеріс – жаңа Конституцияның қабылдануы.

- Өткен жылдың күзінен бастап бұл құжатты әзірлеу жұмыстарына әуелі Парламенттің жұмыс тобы, кейін Президент тапсырмасымен Конституциялық комиссия мүшелері қатысты. Бұдан соң өңірлерде түсіндіру және насихаттау жұмыстары жүргізілді. Санаулы күннен кейін жаңа Конституция толық күшіне енеді. Осылайша елімізде жаңа саяси қатынастар мен жаңа конституциялық дәуір басталады, - деді ол.

депутат
Фото: Видеодан кадр

Оның айтуынша, тағы бір өзгеріс Үкімет пен депутаттар арасындағы өзара іс-қимыл да жаңа деңгейге көтерілген. Заң жобаларын бірлесіп әзірлеу тиімді тәжірибеге айналып келеді.

- Бұрын заң жобаларын әзірлеу мен қабылдау үдерісі бірнеше жылға созылса, бүгінде бұл мерзім айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар заңнамалық бастамалардың басым бөлігі депутаттардың ұсынысымен көтеріліп жатыр. Бұл Парламенттің рөлі мен ықпалының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар қоғам талаптарына сай маңызды заңдарды уақытылы қабылдау басты міндеттердің бірі болып қала береді, - деді Айдос Сарым.

Айдос Сарым жаңа Парламент жасақталғаннан кейін депутаттардың жауапкершілігі де күшейетінін атап өтті.

- Аллдағы бір-екі жылда Құрылтай жұмысында конституциялық реформаларды толық іске асыруға басымдық беріледі. Бұл кезеңде қажетті құқықтық актілер қабылданып, мемлекеттік басқару тетіктері жетілдіріледі. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама мен кодекстерге кешенді талдау жүргізіледі, - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.

Еске салайық, 2022 жылғы республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін заңнаманы жаңарту жұмыстары басталды. Айдос Сарымның айтуынша, заң шығару қызметінде әлеуметтік сала мен экология мәселелеріне ерекше назар аударылған.

-- Мысалы, Қорғаныс және халықаралық істер комитетінің қарауымен көптеген халықаралық келісімдер ратификацияланды. Бұған қоса, әскери салаға қатысты бұрын-соңды болмаған бірқатар заң қабылданды. Жалпы, барлық бағыт бойынша жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе жаңа экономикалық қатынастарды қалыптастыру мен цифрлық платформаларға бейімделу үдерісі қарқынды жүріп жатыр, - деді ол.

Айта кетейік, Мәжілістің кезекті отырысында халықаралық қаржы институттарымен жасалған келісімдерге қатысты екі заң қабылданды.