Айдос Сарым AMANAT партиясының мақсатын атап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - AMANAT партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаттығына кандидат Айдос Сарым сайлауалды бағдарлама туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бағдарлама халықпен бірге жазылған. Біз тұрғындардың нақты мәселелерін білеміз және оларды шеше аламыз. Елде тәртіп орнатып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеміз. Елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға қол жеткіземіз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық, олигополияларға және латифундистерге қарсы күресті күшейтеміз. Әр отбасы, әрбір қазақстандықтың табысын арттыратын боламыз. Жаңа әлеуметтік кодексті қабылдаймыз. Біз аға буынның зейнетақысын және базалық зейнетақыны арттырамыз. Зиянды заттармен жұмыс істейтіндер үшін мерзімінен бұрын зейнетке шығуына қол жеткіземіз», - деді Айдос Сарым КТК телеарнасында өткен пікірсайыс барысында.

Сондай-ақ, Айдос Сарым мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің жалақысын арттыру мәселесін атап өтті.

«2 миллионға жуық азамат алатын әлеуметтік көмекті 1,5 есеге арттырамыз.1 миллионнан астам оқушы орнын қамтитын мектептер саламыз. 730 мың отбасына тұрғын үй саламыз. Экономика саласында жыл сайын 40 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашатын жүздеген кәсіпорын ашамыз. 1,5 млн жас қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Бірегей жағдай жасайтын жаңа салық кодексін қабылдаймыз. Одан бөлек, бизнес үшін 15 мың реттеуші кедергілерді алып тастаймыз», - дейді AMANAT партиясының мүшесі.

«Ауылдарды жандандырып, оған 1 трлн теңге бағыттаймыз. Аграрлық секторда 100 инвестициялық жобаны іске асырып, оған 1,5 млрд доллар жұмсаймыз. Біз «Жер аманаты» жобасын жалғастырып, мемлекетке тағы 5 млн га жерді қайтарамыз. Құрметті сайлаушылар, біз сайлау алды уәделеріміздің орындалуына кепілдік береміз», - деп атап өтті Айдос Сарым.

Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс басталды. Дебат КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатыр.

Пікірсайысқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысуда.


Соңғы жаңалықтар