Айдос Сарым: Қоғамдық даму министрлігі азаматтық сектор ұйымдарын ортақ мүддеге негіздеуі қажет
Саясаттанушы жалпы Қоғамдық даму министрлігінің құрылуын қолдайтынын айтады.
«Менің ойымша, мәселе министрліктің атауында емес, айналысатын шаруасында. Қазір министрліктің аты жаңадан қойылып, жаңа департаменттер мен құрылымдардың бөлімшелері беріліп жатыр. Соған қарағанда, жаңа миссиясын, жаңа құжаттарын, жаңа ережесін жасақтап шығу керек. Жаңа стратегиясында министрлік немен айналысады деген сұрақ туады ғой. Жастар саясаты, Үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, сонымен қатар саяси партиялардың жұмысын бір ізге түсіру, солардың жаңа алаңдарын жасақтаумен бірге, тіпті Ассамблеяның жанында жүрген ұлттық мәдени орталықтармен жұмысты осы жаққа (жаңа министрлікке - авт.) береді деген әңгіме бар. Яғни, жалпы оларды азаматтық сектордағы ұйымдарды бөліп жіктемей, керісінше бір жерге, ортақ мүддеге, ортақ мүмкіндіктерге негіздесе, меніңше, әлдеқайда тиімді болар еді», - дейді саясаттанушы.
Айдос Сарым сонымен бірге, саяси партиялық жүйе туралы сөз қозғады.
«Министрлік бір жағынан саяси партиялық жүйенің бір ізге келуіне жұмыс істесе... Себебі, бүгінгі қоғамдағы саяси партиялардың ешқандай беделі қалмады. Көбісі декоративті түрде жұмыс істеп жатыр. Яғни, жаңа партиялардың дүниеге келуіне, олардың жеңіл тіркелуіне, жалпы ойын ережесінің өзгеруіне жұмылса, ол да алдағы 10-15 жылдың дамуына қосқан үлкен үлес болады деп есептеймін. Себебі, жаңа заманға сай партиясы да болуы керек», - дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, осы жылдардың ішінде азаматтық сектор, азаматтық ұйымдарда тұралап қалу байқалған.
«Біздің Қазақстандағы аймақтардың да дамуы біркелкі емес. Мысалы, Алматы, Астана сияқты қалаларда азаматтық сектор ұйымдарының белсенділігі жоғары. Оларда әр сала бойынша тиісті азаматтардың бірлестіктері бар. Ал кейбір аймақтарда қоғамның дамуына қажетті ұйымдардың өзінің саны жетіспей жатады. Әсіресе, қазіргі тың тақырыптарға, экология, цифрландыру дейміз... Дәстүрлі, адамдар үйреніп қалған, КВН немесе басқа да емес, шынында да, қоғамның ішінде талабы, тілегі бар, соңғы кезде қалыптасқан формализмнен арылып, жаңа ойын ережелерін енгізіп, азаматтық сектордың шынында да үлкен күшке айналуы секілді жұмыстарды бір ізге салса болар еді», - дейді саясаттанушы.
Айдос Сарым сонымен қатар, қоғамдық ұйымдардың белсенділерін де Парламентке қозғайтын жағдай болса игі болар еді деген пікір айтты.
«Жүздеген, мыңдаған мұғалімдердің немесе дәрігерлердің бірлестігі секілді ірі қоғамдық корпорациялардың өкілдерін Ассамблеяның квотасымен неге (Парламентке) өткізбеске? Яғни, жаңа қоғамдық өмір мен азаматтық қоғамға қатысты жаңа бір тың концепцияларды енгізіп, алдағы 2-3 жылда оны жүзеге асырып, осы саладағы ойын ережелерін заманға сай қылатын болса, ондай министрліктің құрылуын қолдауға да, құптауға да болатын секілді», - деп түйді Айдос Сарым.
Айта кетсек, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлық бойынша Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі болып аталатын болды.