Айдос Сарым: Қоғамның алаңдаушылығына Президенттің шешімі арқылы нақты жауап берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамның алаңдаушылығына Президенттің шешімі арқылы нақты жауап берілді. 

Айдос Сарым: Қоғамның алаңдаушылығына Президенттің шешімі арқылы нақты жауап берілді

«Егемен Қазақстан» газетіне берген шағын сұхбатында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым осылай деген екен.

Газет тілшісі Президенттің Ақордадағы Жұмыс тобымен өткізген қорытынды отырысына қатысты пікір сұраған болатын. Осыған орай саясаттанушы еліміздегі мүлік мәселесіне, оның үстіне, өткен жылғы жер мәселесіне қатысты митингілердің әсері болар, біраз алаңдаушылық, тіпті, біраз толқу да болғанын айтады.

«Бірқатар беделді азаматтар қызды-қыздымен қатты-қатты әңгімелер де айтып қалды. Асықпай өткізілген қоғамдық талқылаулардың барысын, барлық жағдайын ескеріп, күні кеше Елбасымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені одан әрі қозғаудың қажеті жоқ, 26-бап бұрынғы нұсқасында қалсын деп, өзгеріс енгізбеуді ұсынды. Бұл  біздің еліміздегі азаматтық қоғамның, зиялы қауымның пікіріне, алаңдаушылығына түсіністікпен қарап, нақты реакция беру, үн қату деп ойлаймын. Және де бұл биліктің де, азаматтық қоғамның да жауапкершілігінің уақыт талабына сай артқанының белгісі дер едім», - деп жауап береді.

Саясаттанушының пайымынша, негізінен бүкіл мәселе, талап етілген конституциялық өзгерістер туралы әңгіме билік өкілетіктерінің тиісті тармақтарына қатысты болып отыр. Ал қалған баптары бұрынғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 1995 жылғы референдумда қабылданған күйінде қалмақ деген сөз.

«Талқылау кезінде елдің назары «әркім» деген сөзге ауып, оның көлеңкесінде шетелдіктерге деген ойдың астасқаны рас. Жер және басқа да мәселелерге түпкілікті экономикалық мәселе шешілмей барудың ерте екендігі де бұған дейін сан рет айтылды. Мораторий қойылды. Сол себепті де, халықтың ішінде, қоғамдық ортада осыдан соң да билік сол бұрынғы әңгімесін қайтадан бастап кете ме деген қорқыныштың болғаны да ақиқат. Президенттің кешегі Жұмыс тобымен болған басқосуында мұның барлығына нақты жауап берілді деп ойлаймын. Ендігі жерде барлық мәселе биліктің өкілеттіктеріне және оның басқа да салалас тармақтарына қатысты болады», - дейді Айдос Сарым.