Айдын Айымбетовтің ұшырылым бағдарламасы он экспериментті қамтиды (ФОТО)

Бағдарлама басшысы, «ҰҒЗТО» АҚ президенті Жұмабек Жантаев қазақстандық ғарышкердің ұшырылымына келісімшартқа қол қойғаннан кейін ҚазАқпаратқа берген қысқаша сұхбатында Айдын Айымбетов ХҒС бортында он эксперимент орындайтынын айтты. Олардың ішінде табиғи-ресурстық және геофизикалық мониторинг бойынша зерттеу бар.
Мысалы, «Қорғау» эксперименті уақытында ғарышкеріміз орбитада жерүсті-ғарыштық болжау жүйесін, табиғи және техногендік апаттардың залалын азайтып, салдарын жоюдың эксперименталдық жұмысын жүргізеді.
«Кулоновский кристалл» ғылыми зерттеуі микрогравитация жағдайында магнитті алаңда зарядты бөлшектердің құрылымы мен динамикасын зерделеуді болжайды.
ХҒС бортынан қазақстандық ғарышкердің бейнежазба, радиобайланыс сеанстары көрсетіледі. Бұл Қазақстан жас ғарышкерлер мектебінің негізін қалаушы және басшысы Айдын Айымбетовтің «Ұлы бастама» атты өзіндік «ғарыш сабағы» болмақ.
«Бағдарлама өте мазмұнды, оған барлық ықтимал эксперименттер енді. Орталық қызметкерлеріне ауқымды еңбегі үшін алғысымды білдіремін», деді сөзінің соңында Ж. Жантаев.