Әйел адамды ажалдан аман алып қалған ШҚО шекарашылары «Epлiгi үшiн» медальдарымен марапатталды
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Солтүстiк» аймақтық басқармасы Өскемен шекара отряды «Оба» шекара заставасының екі әскери қызметкері әйел адамның өмірін құтқарып қалды. Көрсеткен ержүректігі үшін келісім-шарт бойынша қызмет ететін сержант Қайырбек Төлеуов және келісім-шарт бойынша қызмет ететін кіші сержант Бейбіт Толықбаев «Epлiгi үшiн» медальдарымен марапатталды.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.
Әскери қызметкерлер түнде «сағаттық шекара» нарядынан қайтып келе жатқан. Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Медведка ауылы көшелерінің бірінен олар өртеніп жатқан үйді көреді. Бұл туралы радиостанция арқылы шекара заставасы бойынша кезекшіге хабарлап, оған өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерін шақыру міндетін жүктеп, ер азаматтар оқиға орнына тап берген. Ішінен жабылған сыртқы есікті олар оңай ашып кірген. Түтінге оранған бөлменің еденінде есінен танып қалған егде жастағы әйел жатқан. Өрт ағаш тасаны және жиһазды шарпыған, ілгіште ілулі тұрған сырт киім бықсып, бөлмеде ауа қалмаған. Шекарашылар әйелдің есін жиюына көмектесіп жатқанда, олардың киімдері өртене бастаған. Бейбіт түтін толы асүйде үлкен газ баллоны тұрғанын байқаған. Олар зардап шеккен әйелді көтеріп алып, далаға алып шыққан. Бір-екі минуттан соң күшті жарылыс болып, үй іші түгелдей отқа оранды. Өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері келгенде одан тек күл қалды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық аппаратында ержүрек шекарашыларға ел Президенті - ҚР Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының атынан Қайырбек Төлеуовке және Бейбіт Толыкбаевқа «Epлiгi үшiн» медальдары тапсырылды.
Бүгінде айбынды шекара күзетшілері «Оба» шекара заставасында қызметтерін өтеуді жалғастыруда.