Әйел-баласын кепілге алып, туысының пәтерін өртеп жіберген: Қарағанды тұрғыны бір айда екі қылмыс жасады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды тұрғыны бұрынғы әйелі мен қызын үш күн тұтқында ұстаған. Осы іс бойынша тергеуде жүргеніне қарамастан туысының пәтерін өртеп жіберген. Бұл туралы Қарағанды облысының ПД бастығы Санжар Әділов халықпен кездесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйел-баласын кепілге алып, туысының пәтерін өртеп жіберген: Қарағанды тұрғыны бір айда екі қылмыс жасады

Облыстың бас полицейінің айтуынша, ер адам қылмысқа барғанда есірткіге мас болған.

Оқиға осы жылдың сәуір айында болды. Ол бұрын бірге тұрған әйелі мен қызын пәтерде үш сағаттан астам тұтқында ұстап, пышақпен қорқытып отырған.

Қылмыскерді келіссөзден кейін «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгерлері ұстады.

Бұл факт бойынша қылмыстық іс тіркелген. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Бірақ ол тергеуде болғанына қарамастан, бір айдан кейін туысының пәтерін өртеп жіберген. Одан үш адам зардап шекті.

«Бүгінгі күні күдікті қамауға алынған. Бұл адам бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған, әлі жазасын өтемеген, пробациялық бақылауда болған. Оның шартты мерзімі бір жарым жылға нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Адамдарды кепілге алу фактісі бойынша ҚР ҚК 126 және 115 баптары бойынша тергеу жүріп жатыр. Мұқият тергеуден кейін істі сотқа береміз, оған жаңа үкім шығады. Туыстарының пәтерін 26 мамырда өртеген. Үш адам зардап шекті, олар ауруханаға жатқызылды», - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

ПД бастығының айтуынша, жыл басынан бері Қарағанды облысында есірткіге қатысты 142 қылмыс тіркелген. 190 келі есірткі заты тәркіленді.

Бес есірткі зертханасының қызметі әшкереленді, 23 кг синтетикалық есірткі тәркіленді, есірткі сататын 350 сайт бұғатталды.

«Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс бойынша есірткіге тәуелді 1356 адам есепте тұр, оның ішінде 194 әйел мен кәмелетке толмаған бір бала бар», - деп толықтырды Санжар Әділов.