Әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Бүркітші» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шықты
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Бұл — әйелге зорлық көрсетудің және жалпы қылмыс жасаудың ауыр салдары қандай екенін көрсететін туынды. Кино құрбандардың аянышты тағдыры, жағымды кейіпкерлердің іс-әрекеті мен табандылығы және жағымсыз образдардың пасықтығын бейнелеу арқылы әр қылмыстың өтеуі жаза екенін жеткізеді.

Әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шықты
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Зарина Кармен
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Жабық көрсетілім басталмастан бұрын фильмде бас қаһарман Әлияның рөлінде ойнаған Зарина Кармен сұхбат берді.

— Мен сомдаған бас кейіпкер — шыншыл, өз мамандығына адал жан. Эмоцияға жиі беріледі. Өзінің отбасы жоқ, сондықтан шығар мінезді. Менің дегенім дұрыс деп өз айтқанымен жүреді. Сондай болмысынан жаңылысып, сүрінеді. Бірақ содан сабақ алып, орнынан тұрып, басқа жол табады, ісін ары қарай жалғастырады. Өнер адамды тәрбиелемейді, эмоция береді. Әркім кинодан өзіне керегін алады. Біз өте маңызды әрі қоғамда көп айтылмайтын тақырыпты көтердік. Қанша қыз-келіншек зорлық көріп, бірақ соны «ұят болады» деген түсінікпен айта алмай, іштей тынып, іштей өртеніп жүреді. Алайда ондай нәрсе айтылуы керек. Фильмнің басты жеткізетін идеясы — осы, — деді актриса.

Әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шықты
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ал киноны түсірген режиссер Қуаныш Стахановтың сөзінше, оқиға ойдан құрастырылған. Бірақ шынайы өмірде де әйелдердің зорлық көру оқиғалары, өкінішке қарай, аз болатын жағдай емес. Сондықтан, режиссердің пікірінше, бұл — өзекті тақырып.

Әйел құқығын қорғайтын фильм жарыққа шықты
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бұл — классикалық детектив жанрындағы туынды. Жалпы, детектив — өнер жолындағы менің сүйікті бағытым. Осы жанр арқылы қоғамдағы маңызды мәселелердің бірін көтердік. Әйелге зорлық-зомбылық жасауға қарсы күресті көрсеттік, — деді ол.

Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Құрманбек Жұмағали
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Кино саласындағы мемлекеттік қолдау қоғам үшін өзекті мәселелерді көтеретін жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Киножобаларды конкурстық іріктеудің басым бағыттарының бірі — «Заң және тәртіп» қағидаты, яғни заңға құрметпен қарауды қалыптастыру, оны бұзудың салдарын және жеке жауапкершілікті түсіну. «Бүркітші» фильмі де осы мәселелерді көтеріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға үндейді. Осындай әлеуметтік маңызы бар мәселелерге көрерменнің назарын аударуда киноның мүмкіндігі зор, — деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО тұрғыны өз қызын бірнеше жыл бойы зорлады деген күдікке іліккенін жазғанбыз.

Сонымен бірге, әйелдер неге зорлық-зомбылыққа шыдайтынын Ақтөбедегі мамандар түсіндірген еді.