Әйел құқығы жағынан Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарында - генерал С.Айтпаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін ерекше мерекенің бірі - 8 Наурыз! Бұл - әлемдегі ең асыл жандардың ең жарқын мерекесі. І ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да ерекше аталып келеді. Бұл күн әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңдіріп, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты құттықтау дәстүрі жағымды әдетке айналды.

Әйел құқығы жағынан Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарында - генерал С.Айтпаева

Шындығында, әйел - отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де, соны білдірсе керек. Осындайда Мемлекет басшысының: «Әйел шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», - деген сөзі еске оралады.

Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын жылдары елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей ел экономикасының қарыштауына әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді.

Осындайда, қазақстандық әйелдердің басым бөлігі «асыл жандарға тән емес» деп саналатын ең күрделі әрі қиын мамандықтарды игеріп қана қоймай, онда таңдай қақтыратын табыстарды еңсеріп жүргенін де еске салғанымыз орынды. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.

Айта кетерлігі, Тәуелсіздік алған күннен бері Қазақстанда мақсатты түрде гендерлік саясат сауатты жүзеге асырылып келеді. Мұның арқасында әйелдерге өздерінің кәсіби және шығармашылық әлеуеттерін жүзеге асыратындай толық мүмкіндіктерге жол ашылды. Дәл осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ұдайы мән беріп, ана мен баланың әлеуметтік қорғалуына, отбасы құндылықтарының бірінші кезекте қаралуын назарға алып, осы мәселелерді ұдайы қолдап келеді. Бұған Мемлекет басшысының еліміздегі түрлі салаларда абыройлы қызметімен көзге түсіп жүрген нәзік жандыларды құттықтауы да дәлел. Елбасының 8 наурыз қарсаңындағы дәстүрге айналған салтанатты қабылдауында Қазақстандағы әртүрлі мамандық иелері - сала басшылары, әскери қызметкерлер, бизнесмендер, дәрігер, мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері болады.

Ал осындай адамгершілігі мен жан-жақты кәсібилігінің арқасында Президент Н. Назарбаевтың құрмет, шарапатына бөленген қазақстандық әйелдердің бірі - Сәуле Айтпаева. Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева қазір Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы лауазымында.

Ол Торғай облысының (қазір Ақмола облысы) Жақсы кентінде туған. Сәуле Мұханбедианқызының жеткен жетістіктері мен өмірлік жолының өзі қазақ әйеліне тән қажырлылықты, зор талант пен еңбекқорлықты аңғартса керек.

Сәуле Мұханбедианқызы Ресейдің Свердловск заңгерлер институтын тәмамдағаннан соң, прокуратура қызметкерлеріне тән мансаптық баспалдағының барлық сатысынан өтті. Еңбек жолын Ақмола облысы мен Целиноград қаласының Ленин ауданындағы прокуратурадан басталады. Кейіннен ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және ақпарат орталығында қызмет етті. 2003 жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде төрағаның бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал 2012 жылдың сәуірінен бастап осы ведомствоның басшылығында. Сәуле Мұханбедианқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» атағына лайықты деп танылған.

Тынымсыз еңбегі мен зор талантының арқасында Сәуле Айтпаеваның мансаптық баспалдақтарымен қатар сыныптық шендері де жоғарылады, арнаулы атақтары мен лауазымдары да қатар өсті. Мәселен, С. Айтпаева аға әділет кеңесшісі, 3-дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі атанды.

Ең бастысы, Сәуле Мұханбедианқызы - Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы генерал шенін иеленген тұңғыш әйел. Мұндай жоғары әскери шенді оған 2013 жылдың 7 мамырында Отан Қорғаушылар күніне орай Президент Н. Назарбаев тапсырған еді.

«Мен әйелдерге, оның ішінде құқық қорғау қызметкерлері арсындағы нәзік жандыларға осындай шендер алу мүмкіндігін иеленген азаматтардың алғашқысы болғаныма қуаныштымын әрі осыны мақтан тұтамын. Бұның өзі Мәншүк пен Әлиядай Отанын сүйіп, соған қалтқысыз қызмет ететін ұрпақтың өсіп келе жатқанын білдіреді. Жалпы, негізі табиғатынан әйел адам жауапкершіл болып келеді, олар бейбітшілікті сүйеді, қауіпсіздік пен тыныштықты олардың жаны әрқашан қалап тұрады. Сондықтан да, менің ойымша әйел азаматшаларының құқық қорғау органдарындағы қызметі конституциялық құқықтардың мүлтіксіз қорғалуына, барша адамдардың тек жадырап жүрулері мен әрқашан өздерін бақытты сезінулері үшін қосымша ынта, сенім береді деп ойлаймын», - дейді генерал Сәуле Мұханбедианқызы.

Ол елімізде дәл осындай мүмкіндіктер жасалып, әйелдер қауымына ұдайы қамқорлық көрсеткені әрі гендерлік саясаттағы еліміздің ілгерілеушіліктері үшін Мемлекет басшысына шексіз ризашылығын білдіріп келеді.

Өзінің қарамағында 600-ден астам қызметкер жұмыс істейтін генерал Сәуле Айтпаева: «Қандай болмасын қызметте ең бастысы - өзара түсіністік, сенім мен әрбір қызметкердің өз өмірі үшін жауапкершілігі», - деп санайды.

«Біздің ата-бабаларымыз, әжелеріміз бен аналарымыз арман еткен Тәуелсіздікті алған күннен бастап, мемлекеттік саясатымыз бен ұстанған бағытымыз да нақты айқындалды. Ал мемлекетіміздегі гендерлік саясат ұлттық салт-дәстүрлер негізінде құрылып, соның діңгегінде қалыптасып келеді десем артық айтқандық емес. Сонымен қатар, мұндай саясатқа бұрылған бағдар Елбасының бастамасымен айқындалғанын да баршамыз жақсы білеміз. Біздің бүгінгі тіршілігіміз Ата Заңнан арқау алады десек, осы Конституцияның 27-бабында «неке және отбасы, ата-аналар мен балалар мемлекет қорғауында болады» деп жазылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты баспанамен қамту, ұлттың денсаулығын жақсарту, білімін арттыру, халықты еңбекпен қамту секілді әлеумет үшін маңызды мәселелерді ешқашан естен шығарған емес. Осының бәрі түптеп келгенде, отбасының берекелігі, ынтымағы үшін атқарылатын қамқорлық. Мұндай маңызды мәселелердің барлығы Президент Н. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа жариялаған Жолдауларында көрініс тауып келеді. Осындай проблемаларды шешу үшін арнайы заңнамалық актілер мен құжаттар қабылдануда. Ал әйелдердің конституциялық құқығының қорғалуына ең сенімді кепіл - бұл Президент», - дейді генерал Сәуле Айтпаева.

Оның ойынша, бүгінгі таңда біздің елімізде әйел құқығының сенімді түрде заңнамалық деңгейде қорғалуының тетіктері толық әрі жан-жақты қамтылып отыр.

Қазақстандық тұңғыш генерал-әйел С.Айтпаева Елбасының қамқорлығына жауап ретінде қазақстандық әйелдер де елдік дамудың әр саласында қомақты үлес қосып жатқанын алға тартады. Әйелдер мемлекетіміздің ең маңызды салаларында, атап айтқанда келешек жас ұрпақты тәрбиелейтін педагогика саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде, педагогтардың 73 пайызы - әйелдер. Ұлт саулығына жауап беретін медицина қызметкерлерінің 87 пайызы да әйелдерден тұрады. Бюджеттік саланың 60 пайызын да әйелдер құрайды.

«Осының өзі әйелдердің бүкіл қоғам өмірінің өзегі мен тірегіне айналғанын көрсетіп отыр. Басқасын айтпағанның өзінде, прокуратура органында мыңнан астам әйелдер жемісті жұмыс істеуде», - деді С. Айтпаева.

Бұл ретте, генерал Сәуле Мұханбедианқызы Қазақстанда әйелдердің тең құқылығы көрсеткіші бойынша ең дамыған 30 елдің қатарына еніп отырғанына әбден сенімді. Бұл мемлекеттік деңгейде межеленген мақсаттардың бірі емес пе? Шындығында, Сәуле Айтпаева секілді қазақ әйелдерінің арқасында Елбасы айқындаған асуды еңсеру де оңай болатыны сөзсіз.