Әйел заты қашан да нәзікжандылығын жоғалтпауы тиіс - министр Г. Әбдіхалықова
СТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан қоғамында әйелдердің алатын орны ерекше зор. Бұл бұрыннан солай әрі солай болып та қала береді. Әрбір шаңырақтағы аналардың қадір-қасиеті, ұлттық тәрбиедегі қыз-келіншектердің тағылымды істері - бұл саналы да сапалы ұрпақ өсірудің бірден бір кепілі. Ұлтымыздың негізгі құндылықтары да ананың сүтімен берген тәрбиесі арқылы ұрпақ бойына дариды.Сонымен бірге, жан-жақты мемлекеттік даму бағытындағы - саясат, экономика, ғылым мен білім секілді түрлі салаларда да Қазақстан әйелдері абыройлы еңбегімен жұртшылыққа танылып жүр.
Солардың бірі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықовамен кездесіп, мереке қарсаңында аз-кем сұхбаттасқан едік.
-Гүлшара Наушақызы! Алдымен сіз басқарып отырған салаға тоқталып өтсек. Жалпы жұмыссыздық бүгінгі күннің нөмірі бірінші проблемасы. Қаржы дағдарысының тұманы толық сейілмеген бұл күндері осы мәселе бойынша еліміздің жағдайы қандай?
-Рас, Қазақстанда ғана емес, әлем елдері бойынша жұмыссыздықтың алдын алу, бұған қарсы мемлекеттік пәрменді арттыру соңғы жылдары ең өзекті проблемаға айналып отыр. 2008-2009 жылдары еңбек нарығы үшін үлкен қиындықтар тудырды. Қазақстанда экономиканың нақты секторында 130 мыңға дейін жұмыс орындары қысқартылады делінген болжамдар да болған еді. Дегенмен, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары өз тиімділігін танытты. Еліміз үшін ең үлкен қауіп болып болжанған жұмыссыздық та, басқа салалардағы пессимистік болжамдар да орын алған жоқ. Статистикаға жүгінсек, 2009 жылы ресми жұмыс берушілер болжанғандағыдай 130 мың емес, 22 мыңға тақау адамды құрады. Бұған әрине, министрлік тарапынан атқарылған шаралар, оның ішінде көптеген кәсіпорындармен әлеуметтік жауапкершілікке қатысты жасалған меморандумдар үлкен септігін тигізді.
-Дегенмен, ағымдағы жылға болжаулар қандай екен?
-2010 жылға әлем елдерінің беделді, білгір сарапшыларының өзі нашар болжамдар жасамағаны белгілі. Көптеген сарапшылар экономикаға қан жүгіретінін күтіп, осы жылды дағдарыстан тың қадамға жетелейтін үмітті жыл ретінде бағалайды. Ал Қазақстанға келетін болсақ, оның ішінде елдегі жұмыссыздықпен күрес мәселесінде былтырғы жылдан бастап негізгі шаралар атқарылғаны белгілі. Яғни, былтыр жұмыссыздықпен күрестің бір құралы ретінде қолға алынған «жол картасы» биыл да жалғасатын болады. Бұған бөлінген қаражат та қомақты - «Жол картасы» бағдарламасындағы жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 43 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осының өзі еңбек нарығындағы қысқартулардың алдын алады деп ойлаймыз. Бұнымен қоса, қазір Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға да баса назар аударылып отыр. Ол бойынша 80-ге тарта өндірістік нысандары қолданысқа берілсе, 19 жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да қолға алынады. Бұл қосымша 70 мыңға тарта жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, біз биылғы жылы жұмыссыздық деңгейі 6,3-6,5 пайыздық деңгейден жоғары болмауы тиіс деп болжаймыз.
-Салыстырмалы түрде айтып өтіңізші, Қазақстанда жұмыссыздар арасында әйелдер көп пе, әлде еркектер ме?
-Әрине, әйелдер. Бұл бұрыннан солай болатын, әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда екі тармаққа жоғары тұрады. Бұның да объективті себептері баршылық. Мәселен, әйелдердің басым бөлігі «отбасы-ошақ қасындағы» шаруаларға таңулы. Бала тәрбиесіне де аналар көбірек мән береді. Ал олардың жұмысқа орналасуына келетін болсақ, әрине іскерлік әлемінде де, басқа да орындарда әйелдерден гөрі, еркектер жұмысқа жылдам орналаса алады. Дегенмен, қазіргі кезеңде әйелдер тіркелмейтін секторда оңайырақ жұмыс таба алады деп ойлаймын. Мәселен, «өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық» деп аталатындардың қатарында негізінен әйелдер басым, олар үшін сауда ─ бұл табыс табудың және бүкіл отбасы үшін күн көрудің бірден-бір көзі. Сонымен бірге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің үлесі әсіресе аграрлық секторда жоғары екен, бұнда аталған көрсеткіш 60 пайызға жетеді.
-Гүлшара Наушақызы, Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы ретінде қазақстандық әйелдерге 8-наурыз мерекесіне орай қандай тілек айтасыз?
- Шынында, көктемнің алғашқы айы наурызбен бірге асыл жанды аналардың, аяулы апалар мен әпкелердің тамаша мерекесі де келді. Мен ең алдымен әйелдерге рухының мықтылығын тілеймін. Екіншіден, жемісті әрі табысты атқарып жүрген еңбектері әділ бағаланса екен. Дегенмен, ең бастысы, нәзік жандылар қашан да әйел қалпын сақтауы тиіс деп ойлаймын. Біздің бабаларымыздың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналығы есімі түсіп отыр. Осы нақыл барлық іс-әрекеттеріңізге басшы болса деймін.
- Әңгімеңізге рахмет!