21:52, 15 Наурыз 2014 | GMT +5
Әйелдер арасындағы бокстан ҚР чемпионаты аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының Щучинск қаласында әйелдер арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Қазақстандық бокс федерациясы.
Ел біріншілігінің финалы халықаралық спорт аренасында ұлттық құрама құрамында еліміздің намысын қорғайтын көшбасшыларды анықтады.
Бүгін финалда жеңіске жеткен Назым Қызайбай (48 кг), Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Жанна Басқаева (57 кг), Гүлжайна Үбіниязова (60 кг), Зарина Цолоева (64 кг), Дариға Шәкімова (69 кг), Марина Вольнова (75 кг), Мөлдір Базарбаева (81 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) ел чемпиондары атанды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жарыстар Т.А.Уәлиев атындағы спорт мектебінің базасында өтті. Ел біріншілігіне 88 спортшы қыздар қатысты. Чемпионат қорытындысымен ұлттық құрама қалыптастырылады, олар биылғы жылғы басты спорт жарыстары - Азия ойындары мен Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатына қатыспақ.