Әйелдер арасындағы «GGG» жарақат алды: Айқасы кейінге шегерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Аида Сатыбалдинова (3-0-1) өз жанкүйерлеріне қолын жарақаттап алғанына байланысты жекпе-жегі кейінге ауыстырылатыны туралы мәлім етті, деп хабарлайды Sports.kz.
«Сәлем, достар! 15 маусымға жоспарланған жекпе-жегімнің болмайтынын хабарлағым келеді. Бұл жекпе-жек қолымды жарақаттап алуыма байланысты шілдеге ауыстырылды. Соңғы сәтке дейін қолым жазылып, 15 маусымда бокстасамын деп ойладым. Сондықтан, бұрын бұл туралы хабарлаған жоқпын, бірақ дәрігер маған тыйым салып, 2 апта бойы демалдыруымды сұрады. Сондықтан, мені рингте 7 шілдеде көретін боласыздар. Хабарласып, уайымдап жатқандарыңызға рахмет. Бәрі жақсы, жуық арада кездесеміз! Алға, Қазақстан!», - деп жазды Сатыбалдинова Instagram парақшасында жарақаттанған қолының суретін сала отырып.
Еске салайық, бұдан бұрын қазақстандық боксшы қыз 7 шілдеде ең ірі және маңызды жекпе-жегі өтетінін айтқан болатын. Онда NABF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Селина Барриоспен айқасады. Жекпе-жек кештің басты айқасы болмақ. Ол 8 раундтан тұрады және Техас штаты Корпус-Кристи қаласында өтеді.