Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады – Ербол Бекмұхамбетов

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын елімізде 41 мыңнан астам адамға онкологиялық аурулар диагнозы қойылады. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов айтты.

хоспис
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Бүгінгі таңда қатерлі ісік ауруларымен науқастанған 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда. Жыл сайын 41 мыңнан астам науқасқа онкологиялық аурулар диагнозы қойылып, онкологиялық науқастардың саны 5-6 пайызға өседі. Жалпы, сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Қатерлі ісік ауруының өсуі - бұл әлемдік тенденция. Оның бір себебі – халықтың қартаюы. Сонымен қатар қазіргі өркениеттің көптеген факторының әсері. Яғни дене қозғалысы белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, генетикалық және соматикалық мутацияларды жүзеге асыру, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, онкологиялық аурулардың өсуі аясында өлім-жітімнің тұрақты төмендегені байқалады. Соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 63 жағдай тіркелді.

- Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады. Әйелдердің қатерлі ісігінің кең тараған түрлері – сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі. Алайда, қайтыс болғандардың 53 пайызы – өкпе мен асқазан қатерлі ісігіне шалдығатын ер адамдар. Бұл аурулардың өлім-жітім деңгейі жоғары. Егер Қазақстандағы онкологиялық аурулардың таралуын басқа елдермен, мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстыратын болсақ, онда біздің елімізде онкологиялық аурулармен сырқаттану мен өлім-жітім әлдеқайда төмен. Сонымен қатар, ісіктерді кеш анықтау мәселесі сақталып отыр. Бұл ерте диагностика шараларын күшейту қажеттілігін көрсетеді, - деді Ербол Бекмұхамбетов.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары онкологиялық скринингтік зерттеулерден тегін өтеді.  Мұндай тексеріс пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар