Әйелдер хоккейінен қазақстандық команда Еуропалық чемпиондар кубогының келесі кезеңіне өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның «Айсұлу» әйелдер командасы Түркияның Анкара қаласында шайбалы хоккейден Еуропалық чемпиондар кубогының (EWCC) іріктеу турниріне қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Әйелдер хоккейінен қазақстандық команда Еуропалық чемпиондар кубогының келесі кезеңіне өтті

Бұл турнир 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. 2014 жылғы жарыс маусымының форматы 3 кезеңмен өткізіледі. Бірінші кезеңде еуропалық 16 команда 4 командадан 4 топқа (A, B, C, D) бөлінді. Қазақстан чемпионы - «Айсұлу» командасы Түркияның («Миллениум Анкара»), Словакияның (HK Poprad») және Румынияның («HSC Csikszereda») командаларымен қатар А тобында өнер көрсетті. Екінші кезеңге өз топтарының жеңімпаздары және екінші орынды иеленгендер шығады. Кубоктың финалы 2015 жылғы ақпанда ұйымдастырылады.

Турнирдің іріктеу ойындары 2014 жылғы 17-19 қазан аралығында өткізілді. Іріктеу сынының жабылу салтанаты 19 қазанда Анкараның Орталық Мұз айдынында ұйымдастырылды. Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері, қазақ студенттері және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің дипломаттары Қазақстан командасына жанкүйер болды.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев хоккейші әйелдер командасын Елшіліктің ғимаратында қабылдап, жарыста сәттілік тілей отырып, сыйлықтар мен кәдесыйлар ұсынды.

Айта кетейік, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы 2005 жылы құрылған. Команда Қазақстан құрамасының негізгі клубы болып табылады. Клуб ойыншылары ҚР құрама командасының сапында Астана және Алматы қалаларында өткен Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ,өткен маусымда команда Сочидегі клубтық жарыстан жеңіспен оралған.