Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Диалог Еуразия» қоры меморандумға қол қойды
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Диалог Еуразия» халықаралық қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгін елордада өткен «Отбасы және қоғам: дәстүрлер, құндылықтар және даму келешегі» атты халықаралық конференция аясында аталған құжатқа комиссия төрайымы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мен қор президенті Салих Акчай қол қойды.
«Диалог Еуразия» қоры отбасы құндылықтарына және оның мәселелеріне баса назар аударып жүрген ұйымдардың бірі екендігін ерекше атап өткен министр: «Меморандумның басты мақсаты, біріншіден - халықаралық деңгейде отбасы мәселелері бойынша тәжірибе алмасу. Екіншіден - отбасылық құндылықтар бойынша халықтың арасында түсіндірме жұмыстарын, басқа да осы жағдайларға ықпал ететін игі істерді жүзеге асыру», - дейді.
Айта кетейік, қор 2000 жылы Ыстамбұл қаласында Еуразия елдері мен халықтары интеллегенция өкілдерінің бастамасымен өткен жазушылар мен журналистер қауымдастығының кездесуінде сұхбаттастық орнатуға үлес қосу, олардың өзара түсіністігі мен бейбіт қатар өмір сүруіне жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын. Оның құрамына Қазақстан, Түркия, Ресей, Румыния, Украина сынды 14 мемлекет кіреді.