Әйелдер қауқарлы бола тұра, өте әлсіз - Қарақат Әбілдина
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші, «Қарақат» мектеп-студиосының директоры, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина «әйелдің қырық жаны бар» деген тіркесті енді түсініп жатырмын дейді.
«Ана» деген ардақты атқа лайық болу - үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, ел алдында жүріп ән айту, үлгі болу - ол да ауыр міндет. Көп журналис «осының бәріне қалай үлгересіз» деп сұрап жатады. Әйелдің «қырық жаны бар» дегенді енді түсініп жатырмын. Біз бір сәтте отырып, бірнеше мәселені ойлай аламыз, біз қатарынан бірнеше сұрақты шешетін қауқарымыз бар. Бірақ, солай бола тұра, біз әлсізбіз»,-дейді әнші.
Қарақат Әбілдина «қыз бала өмірлік серігін тапқанда, өз ошағының отын жаққанда бақытты болады» деген ақылын айтып, жары Қыдырәлі Болмановқа зор алғысын білдірді.
«Менің ән айтып, онымен қоса балаларымды дүниеге әкеліп, осының бәріне үлгеріп жүргенім алдымен халқымның ақ батасының және азаматымның үлкен қолдауы»,-дейді әнші.
Сөз оңында Қарақат Әбілдина қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
«Ардақты аналар, қыз-келіншектер! Барлықтарыңызды көктемнің шуақты күнімен, тіршіліктің оянып, шуағын шашып, адамзатқа қуаныш сыйлайтын мерекесімен құттықтаймын»,-деді әнші.